ДИКТОР: Жарқайың ауданының орталығы Державинск қаласындағы «Сиқырлы қылқалам» орталығының тәрбиеленушілері халықаралық шығармашылық байқауда жүлделі орындарға ие болды. Бұл жетістік Жарқайың аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығындағы дайындық деңгейінің жоғары екенін айқындады. Енді ұжым үшін ірі халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндігі ашылып отыр.
РКС: Арқалық қаласында өткен халықаралық байқауда Державинск қаласының жас суретшілері 3 жүлделі орынды еншілесе, соның екеуі бас жүлде. Қатысушылар жоғары нәтижеге жаңа әдістерді қолданудың арқасында қол жеткізді. Суретші қыздар майлы бояу мен текстуралық пастаны үйлестіру арқылы бедерлі жұмыстар жасады.
Ал, жүлдегерлерді дайындаған педагог Жанерке Жүсіпбекова «Үздік оқытушы» атағына ие болды.
СНХ: ЖАНЕРКЕ ЖҮСІПБЕКОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МҰҒАЛІМІ: Бұл жолы біздің оқушылар халықаралық сурет байқауында өте жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жұмыс барысында біз әртүрлі техникаларды қолдандық. Классикалық кескіндемеден бастап аралас материалдарға дейін. Бұл балаларға бір ғана әдіспен шектелмей, өздерінің жеке көркем тілін табуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жұмыстар мазмұнды, өзіндік мінезі мен көңіл күйі бар туындыларға айналды. Ең бастысы, әр оқушы өз ойын бояулар мен форма арқылы жеткізе алды.
РКС: Қатысушылар этникалық тақырыптағы бірқатар жұмыстарды да ұсынды. Қазылар алқасы жас суретшілердің кәсіби көзқарасы мен шығармашылық идеяларының тереңдігін жоғары бағалады. Гран-при иегері Сымбат Жұмабек мұндай деңгейдегі байқауға қатысу оның өзіндік шығармашылық қолтаңбасын қалыптастыруда маңызды болғанын атап өтті.
СНХ: СЫМБАТ ЖҰМАБЕК, БАЙҚАУДЫҢ ГРАН-ПРИ ИЕГЕРІ: Менің жұмысымның атауы «Дастарқан». Жұмыс қағазға сулы пастель және майлы бояулармен орындалды. Картинада қазақ халқының қонақжайлылығы мен ұлттық құндылықтары бейнеленген. Ұлттық ою-өрнектер мен жылы түстер арқылы дәстүріміздің әсемдігін көрсетуге тырыстым. Бұл жұмыста отбасы жылуы мен ынтымақтың маңызын жеткізгім келді. Жеңіс мен үшін өте маңызды. Бұл менің еңбегім мен талпынысымның нәтижесі.
РКС: Халықаралық байқаудағы бұл жетістік жас суретшілерге Өзбекстан мен Грузия елінде өтетін шығармашылық жобаларға қатысуға жол ашты. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының басшылығы тәрбиеленушілердің шығармашылық бастамаларын алдағы уақытта да қолдайтындарын мәлімдеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ