ДИКТОР: Көкшетауда жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында танымдық қойылым ұйымдастырылды. Танымдық шараға 200-ге жық мектеп оқушысы қатысты.
РКС: Жол ережесі мен өрт қауіпсіздігі тақырыптарын арқау еткен «Байқа, балақай» атты қойылым барысында балаларға қауіпсіздік талаптары ойын әрі сахналық көрініс арқылы түсіндірілді. Қойылымның авторы әрі қоюшы режиссері - Ақжол Сәбит. Қойылым барысында оқушылар жол ережесін бұзу мен өрт қауіпсіздігін сақтамаудың салдары туралы ақпарат алды.
СНХ: АЙЫМ АЛТАЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Бүгінгі іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақмола облысының прокуратурасы мен облыстық қазақ драмтеатры мен бірлесіп, жүзеге асырылып отыр. Бұл іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қатысты қандай да бір құқық бұзушылықтарды болдырмау. Аталған шара тегін ұйымдастырылып отыр.
СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Болашағымыз балалар болғаннан кейін, біз ең алдымен балалардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Оны театрда болсын, экранда болсын, қайда болсын балалардың құлағына сіңіре беруіміз керек. Тәрбие – тал бесіктен басталады дейді. Бүгінгі ұрпақ мықты болса, еліміздің ертеңі де мықты болады.
РКС: Қойылымға 200-ге жуық мектеп оқушысы қатысты. Балалар қойылымды қызығушылықпен тамашалап, өз ойларымен бөлісті. Бірі жол ережелерін бұрыннан білетінін айтса, енді бірі - жаңадан үйренгенін айтады.
СНХ: АЙЛИНА СЕЙІЛБЕКОВА, №13 «ЭКОС» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Бағдаршамнан жасыл түске өту керек, көп машиналардан абай болу керек. Бұған дейін мен осындай шараларға келдім. Спектакль, театрға көбінесе сыныбыммен келемін.
СНХ: ӘДЕМІ ЕРМЕК, №13 «ЭКОС» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Қазір бізде каникул, біз сыныбымызбен осы театрға келдік. Қойылым өте ұнап жатыр. Разминка жасадық, тағы да жаттығулар жасадық. Қойылым кезінде бізде қатыстық.
РКС: «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылатын мұндай шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді,-дейді мамандар. Тәрбиелік мәні зор мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғаспақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ