ДИКТОР: 50-ге жуық қылмыс ашылып, 7500-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жыл басынан бері Көкшетау қаласындағы жедел басқару орталығындағы бейнебақылау инспекторлары атқарған жұмыстың нәтижесі осындай. Заманауи технология тәртіп сақшыларына көмекке келеді. Заң мен тәртіпті сақтау үшін полицейлер ақылды бейнекамераларды, көліктік сараптамалық модульдерді және жасанды интеллектті ұтымды пайдалануда. Цифрландыру аймақтағы қылмыспен күресуге қалай көмектесіп жатыр? Тілші баяндасын.
РКС: Қазір облыста 5 жедел басқару орталығы жұмыс істейді. 1700-ге жуық бейнебақылау камерасы облыстың Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Щучинск сынды ірі қалаларындағы тәртіпті бақылайды. Елордаға жақын аймақтарда да полиция қызметіне цифрлық технологиялар енгізілуде. Жақында Ақмол ауылында тағы бір жедел басқару орталығы іске қосылды. Бүгінгі таңда Целиноград ауданындағы ірі елдімекендерде 540-тан астам сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылды. Олар жаңа жедел басқару орталығына кезең-кезеңімен қосылады. Бұдан бөлек, білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелерден де ақпарат осы жерге жиналуда. Бұл құқық қорғау органдарына кез келген оқиғаға дереу әрекет етуге және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бейнекамералардың санын көбейту жоспарда бар. Сонымен қатар озық цифрлық шешімдерді қолдана отырып, заманауи сараптамалық жүйелер де енгізілмек. Статистика көрсеткеніндей, ақылды технологиялар қылмысты жедел ашуға мүмкіндік береді және оның алдын алудың тиімді құралына айналмақ.
СНХ: АРМАН ЕРУБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жедел басқару орталығы – ішкі істер органдарының басты құрылымы. Ол жерде азаматтардың қауіпсіздігі тәулік бойы үздіксіз қамтамасыз етіледі. Дәл осы жерге 102 арнайы желісінен хабарламалар келіп түседі. Содан кейін осы жерден полиция жасағының жұмысы үйлестіріледі. Көкшетау көшелеріне 300-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Заңдылық пен тәртіпті сақтауға көмектесетін интеллектуалды көліктік аналитикалық модулі бар 43 камера жұмыс істеп тұр. Бұл ретте халық көп жиналатын орындардағы 8 мыңнан астам камера жедел басқару орталығының жүйесіне біріктірілген. Олардың қатарында оқу орындары, мектепке дейінгі мекемелер, вокзал, әуежай, сауда орталықтары бар. Қылмыстық-атқару жүйелеріндегі мекемелерде де камералар орнатылған. Қоғамдық орындарда жол қозғалысы ережелерін бұзғандар мен бұзақылық әрекеттерді анықтауға ерекше екпін беріліп отыр.
РКС: Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Статистика жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда аймақта жасөспірімдер қылмысының жағдайы біршама төмендеген. Жасөспірімдердің қатысуымен жасалатын топтасқан және аса ауыр құқық бұзушылықтар санының өсуіне жол берілген жоқ.
СНХ: АЙҒАНЫМ БЕКБОЛАТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ АҒА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ: Ювеналды полиция қызметінің басты мақсаты – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес кәмелетке жасы толмағандарға түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде болуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзған кәмелетке жасы толмағандар, сонымен қатар олардың ата-аналарыда әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
РКС: Ақмола облысының аумағында 220 мыңнан астам жасөспірім тұрады. Жас ұрпаққа қамқорлық көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Былтыр Ақмола облысы еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып балалардың құқығын қорғау жөніндегі жеке басқармасын жасақтады.
СНХ: БОТАКӨЗ ДҮЙСЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі күні жалпы қоғамда енді соңғы кезде кәмелетке толмаған балаларға қатысты зорлық зомбылықтар көбейіп кетті. Сондықтан да президенттің тапсырмасына сәйкес барлық өңірлерде осы балалар құқығын қорғау басқармалары ашылып, бүгінгі күні жұмыстарын бастап жатыр. Ал негізгі мақсаты осы басқарманың он сегізге толмаған, яғни, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде балаларға көмек көрсету, профилактикамен айналысу және негізгі мақсаттарының бірі бұл координация. Яғни облыс бойынша әртүрлі мемлекеттік органдар бар ғой. Кәмелетке толмаған балалар тәрбие алатын, оңалту орталықтары бар. Солардың барлығына координация жасайды яғни үйлестіруші орган ретінде.
РКС: Аймақта жастар арасында өз көшбасшылары бар. Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданында 18 жасқа дейінгі 25 мыңнан астам жас тұрады. Жуыр арада бұл аумақтарда пилоттық негізде балалардың құқығын қорғайтын бөлімдер құрылмақшы.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ