ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті соңғы жылдары аграрлық ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Қазір бұл бағытта Қазақстанның бірқатар білім ордаларымен бірлесіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қандай жобалар қолға алынды? Жұмыс ауқымы қандай? Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.

РКС: Ақмола облысы индустриалды-аграрлы аймақ. Сондықтан да, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бұл бағытта ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Соның бірі - сүт-тауарлы фермаларының өнімділігін арттыруға бағытталған. Осы ретте, білім ошағы Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша, заманауи ғылымы зертханалары бар Академиялық артықшылық орталығы құрылды. Бұл жоба былтыр қолға алынды.

СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Бұл жүйе бірқатар технологияны біріктіреді. Атап айтқанда, заттар интернеті, үлкен деректерді талдау және бұлтты есептеулер. Осы технологияларды біріктіру арқылы жемшөп өндірудің барлық кезеңдерін бақылауға болады. Өсіруден бастап сақтау мен жеткізуге дейін. Осындай жүйе әзірленеді. Қазір бұл процесс ауыл шаруашылығы тұтынушылары үшін маңызды.

РКС: Бұл аталмыш жоба 2027 жылға дейін жалғасады. Бұдан бөлек, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетімен де ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тағы бір жоба қолға алынды. Бұл білім ошағында агроөнеркәсіп кешені саласындағы пестицидтерді сынау бойынша сапалы зерттеулер жүргізіледі.

СНХ: СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Сонымен қатар, 2 жыл бұрын Назарбаев Университеті және Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтымен бірлесіп қызықты бір жобаны жүзеге асырдық. Бұл жоба мал азықтық дақылдардың сорттары мен будандарының өнімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталды. Зерттеудің мақсаты Солтүстік Қазақстан жағдайында голштейн тұқымды сиырлардың сүт өнімділігін арттыру болды. Аталған жоба толығымен жүзеге асырылды. Оның аясында нейрондық желілер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары технологиялары негізінде жүйе әзірленді. Бұл жүйе шөп қоспаларын шабудың оңтайлы мерзімдерін жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Бұл, өз кезегінде, климаттық және гидрометеорологиялық жағдайларды ескере отыра солтүстік өңірдегі мал шаруашылығының тиімділігі мен жемшөп сапасына оң әсерін тигізеді.

РКС: Бұдан бөлек, жоғары оқу орны шет елдердің білім ошақтарымен де тығыз жұмыс істеуде. Бұл білім беру сапасы көрсеткішінің жоғарылауымен байланысты. Қазір мұнда Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Бангладеш, Судан және Франция елінің 400-ден астам шетелдік жас жоғары білім алып жатыр.

СНХ: АЗААН МОХМАД УЛ ХАҚ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ЖАНЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНА МЕКТЕБІНІҢ СТУДЕНТІ (ҮНДІСТАН): Бұл университетте бізге білім беретін оқытушыларға алғысымды білдіргім келеді. Білім алу процесі өте ыңғайлы. Басқару жүйесі жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Мен осы университетті таңдаған себебім, Үндістан мен Пәкістанда бұл университет туралы жақсы пікірлерді естігенмін. Бұл университеттің білім сапасы өте жоғары.

РКС: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымды дамытуға ерекше мән беріп отыр. Сондықтан, мемлекет 2024-2026 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру көлемін 9 млрд.теңгеге дейін арттырып, ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге, жас зерттеушілерді қолдауға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа бағытты ұстануда.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ