ДИКТОР: Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларымен қатар өрт сөндіру көліктерінің жүргізушілері жұмысының да маңызы ерекше. Олар әр секундты ұтымды пайдаланып, құтқарушыларды оқиға орнына жедел жеткізеді. Олардың міндеті көлікті басқару ғана емес, өртті сөндіруге суды беру және көліктің техникалық жағдайын бақылау. Тілшіміз Евгений Варанкин Көкшетау қаласы өрт сөндіру бөліміндегі ең тәжірибелі жүргізушілердің бірімен танысып қайтты.
РКС: Көкшетау қаласындағы мамандандырылған №1 өрт сөндіру бөлімінде 4 кезекші қарауылдың 6 өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі бар. Оның біреуі Жандос Бәйкенов. Аталған мекемеде 2010 жылдан бастап жұмысқа кіріскен жүргізуші жастарды тәртіпке, жол жүру ережесін сақтауға, арнайы көліктердің техникалық қызметін жүргізуге үйретеді.
СНХ: ЖАНДОС БӘЙКЕНОВ, №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІ ӨРТ СӨНДІРУ КӨЛІГІНІҢ ЖҮРГІЗУШІ-НҰСҚАУШЫСЫ: Біздің жұмыс өте қауіпті жұмыстарының бірі. Автокөліктер өрт сөндірушілер жүргізушілері жеке құрамды өрт сөндіру орнына аман жеткізу, қару-жарақтарды да жеткізу. Жол жүрген кезде жол ережелерін сақтап, көбінесе қала ішінде көліктер көп. Көбі жол жүру ережелерін сақтамай, жол бермейді бізге. Өрт болған жағдайда қауіпсіз арақашықтықта тоқтап, уақытылы су беріп, өрт болып жатқан жерді сыртта қарап тұру міндетіміз.
РКС: Өрт сөндіру бөлімдерінің арнайы техникасы соңғы жылдары үнемі жаңартылып жатыр. Бұрын құтқарушылар өрт сөндіруге ескі «ЗиЛ» көліктерімен шықса, қазір жаңа, заманауи құрылғылармен жабдықталған «КамАЗ» көліктерін пайдаланады. 34 метр биіктікке дейін көтеріле алатын жаңа өрт сөндіру автосатысы да бар. Биыл аталған көліктің көмегімен төрт адам құтқарылды. Жандос Бәйкенов техника адамға ешқандай қиындық туғызбайды дейді. Әріптестері оны кез келген арнайы көліктің тілін таба білетін жан екенін айтады.
СНХ: ӘЛИБИ СӘРСЕНБАЙ, №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Көршілес бөлімшелерге көмекке барамыз. Ең қиыншылығы – біздің бөлімше қала орталығында орналасқаннан кейін бұл жерде жол жүру тығыздығы өте көп. Негізінде жақсы өрт сөндіру автокөліктер жүргізуші бойында барлық біліктілігін тек ғана жолда өзінің мұқияттылығымен жеке құрамды жеткізу арқылы өзінің біліктілігін көрсетеді. Адам құтқарушының ынтасы үлкен бар адамдарды біздің қызметке жұмысқа шақырамыз.
РКС: Жұмыс талаптарына сай өрт сөндіру көліктері жүргізушілерінің арнайы «D» жүргізушілік санаты болуы керек. Оны кез келген адам ала алмайды. Сонымен қатар арнайы техника жүргізушісінің жұмысы да оңай емес. Ақмола облысының гарнизонында 31 жүргізуші жетіспейді.
СНХ: АСХАТ КЕҢЕС, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Осы лауазымға түсу үшін арнайы талаптар бар, олар яғни 18 бен 35 жас аралығында азаматтар болу керек, білімдері орта арнайы және де жоғары болуы керек. Жүргізуші автокөлік болғаннан кейін «С» катигориясы және де осы талаптарға сәйкес азаматтар ең алдымен әскери дәрігерлік комиссиядан өтеді. Олардың жарамдылығы анықтама бойынша біліп, келесі ретте оларды психологиялық қызметте жібереміз.
РКС: Жүргізуші мамандығы — ең қауіпті жұмыстың бірі. Алайда қоғамда көбіне олардың еңбегін елемей, құтқарушылардың ерлігін ғана көріп жатады. Ал шын мәнінде өрт сөндіру жасағының оқиға орнына қаншалықты жылдам жетуі тікелей дәл сол жүргізушіге байланысты. Ауыр техниканы кептеліске толы көшелермен, көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайда, жол қозғалысының тығыздығына қарамастан шебер меңгереді. Әр секунд қымбат, ал кез келген болмашы қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ