ДИКТОР: Ақмола облысындағы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен блогерлер арасында өткен «Senat Open – 2026» республикалық шахмат турнирінің іріктеу кезеңіне 40-қа жуық адам қатысты. Олар 9 тур бойынша бақ сынасты. Ойынның барысын бақылап қайтқан тілші айтсын.
РКС: «Senat Open – 2026» турнирі шахматты кеңінен насихаттауға және қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған. Ойынды әр санат бойынша кезең-кезеңімен өткізу турнирдің келесі сатыларына қатысушылар құрамын жасақтауға мүмкіндік бермек.
СНХ: СЕРІКБАЙ ТЕМІРБАЕВ, ЖАРЫСТЫҢ ТӨРЕШІСІ: Бұл жарыс Қазақстанның барлық өңірінде өтіп жатыр. Келесі кезеңде әр турнирден үздік 20 қатысушы 1/4 финалға жолдама ұтып алады. 200 адам қатысатын тартысты дода болмақ. Ол мамырдың 23-і Көкшетауда өтеді. Одан кейін жартылай финал Қостанайда, Ал финал Астанада ұйымдастырылады.
РКС: Шахмат тәртіпке, зейінділікке және стратегиялық ойлауға баулиды. Тұрақты зияткерлік жаттығулар назарды, логиканы және тиімді жоспарлау дағдыларын дамытуға көмектеседі, - дейді жарысқа қатысушылар. Бұл әсіресе кәсіби қызметте аса маңызды.
СНХ: ГҮЛАЙЫМ ЕСЕНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Егер байқасаңыз, шахмат тақтасының жанында үнемі сағат тұрады. Соның арқасында уақытты бақылау дағдысы қалыптасады. Яғни, үнемі сағатқа қарап отырасың. Күнделікті өмірде менен «бәріне қалай үлгересіз?» деп жиі сұрап жатады. Мен уақытты қадағалап, іс-әрекеттерімді күн тәртібіне сай жоспарлаймын. Одан бөлек, ойын барысында қателік жіберсең, қайта оралып, оны талдап, түзетуге мүмкіндік бар. Бұл өмірде де өте пайдалы. Себебі, бір нәрсе сәтсіз болса, қайта оралып, саралап, келесі күні қателікті түзетуге болады.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша әйелдер арасында бірінші орынды көкшетаулық Зарема Аздар иеленді. Күміс жүлдені қалалық мәслихаттың депутаты Гүлайым Есенова еншіледі. Ал, спорт журналисі Махаббат Большина үздік үштік қатарынан көрінді. Ерлер арасында Бұланды ауданынан келген Жайнарбек Заңдыбай жеңімпаз атанды. Екінші орынды көкшетаулық Қуаныш Иманбаев иеленді. Ал, «Көкше» телеарнасының намысын бейнемонтаждаушы Темірлан Сәбитов қорғады. Ол үшінші орынға тұрақтады. Сонымен қатар, жоғары шеберлік деңгейін көрсеткен үздік шахматшылар жекелеген номинациялар бойынша марапатталды.
ТОМИРИС ИДРИСОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ