ДИКТОР: Біріккен Ұлттар Ұйымы биылғы жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл бастама әлем бойынша өзара көмек мәдениетін дамытуға және қолдауға бағытталған. Қазақстан да оған қосылып, волонтерлік қызметке назарды күшейте түсуде.
РКС: Бүгінде Қазақстандағы волонтерлік — жай ғана акцияларға қатысу емес, ауқымды қоғамдық қозғалысқа айналды. Қазір елімізде 300 мыңнан астам волонтер бар. Олар мұқтаж жандарға жәрдем берумен қатар қоршаған ортаны қорғау ісіне де зор үлес қосып,қоғамның әр саласында белсенді еңбек етуде.
ФОРУМЫНДА ЦИТАТА:ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Ерікті болу – игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын.
РКС: Экологиялық волонтёрлік қозғалыстың дамуында «Таза Қазақстан» ерекше орын алады. Ол қазақстандықтарды ортақ мақсат - қоршаған ортаны таза әрі қауіпсіз ету жолында біріктірді. Акция аясында еріктілер саябақтар мен су айдындарын тазалауға шығып, экологиялық рейдтер жүргізеді.
СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл акцияның бастамашысы Президентіміз. Осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, оны біз басқа жастар қоғамдық ұйымдарымен бірігіп ұйымдастырамыз. Жақында Бурабайда үлкен шара өтті. «Жастар Рухы» жастар қанатынан бөлек, тағы төрт жастар ұйымы қатысты. Біз форматты жаңартып, оны қызықты әрі тиімді етуге тырысамыз. Бұл тек сенбілік-тазалау емес. Біз тимбилдингтер ұйымдастырып, оқу курстарын өткіземіз, командалық жақсы атмосфера қалыптастыруға көңіл бөлеміз. Сол шарада жастарға тамақ ұйымдастырдық. Жастардан кері байланыс өте жақсы келеді. Сонымен қатар, бұл арқылы экологиялық мәдениет қалыптасып, табиғатқа деген дұрыс қатынас дамиды.
РКС: Волонтёрлік қызмет жеке тұлғаның дамуына да ықпал етеді. Жыл сайын жастар түрлі оқу бағдарламаларынан өтіп, тек саясат саласында ғана емес, сөйлеу шеберлігін меңгеру сияқты дағдыларға ие бола алады. Мұның бәрін жүзеге асыратын Жас саясаткер жобасы.
СНХ: КАРИНА ШТОКМАН, «ЖАС САЯСАТКЕР» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Жас саясаткер» клубы – белсенді жастарға арналған ерікті білім беру жобасы. Ол жастардың сыни ойлау қабілетін, көшбасшылық қасиеттерін, сондай-ақ азаматтық белсенді ұстанымын дамытуға бағытталған. Біздің оқу бағдарламамыз бір жарым айға созылады, аптасына екі рет өткізіледі. Оқу барысында қатысушылар саяси және қоғамдық үдерістерді, олардың қалай жүзеге асатынын меңгереді. Сондай-ақ олар депутаттармен кездесіп, олардың жұмысы туралы ақпарат алады. SMM және медиа саласын, мобилографияны, шешендік өнерді үйренеді. Алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдана алады.
РКС: Халықаралық волонтерлер жылы аясында түрлі форумдар мен волонтерлік қозғалысты дамытуға арналған акциялар жоспарланып отыр.Мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілмек. Бұл азаматтар арасында өзара жәрдемдесу мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ