ДИКТОР: Ақмола облысында ер адам құтқарылды. Балық аулауға шыққан Бурабай ауданының 1961 жылғы тұрғыны жұқа мұздың опырылып кетуі салдарынан астына түсіп кеткен. Сол маңнан өтіп бара жатқан жасөспірім мектеп оқушылары жағдайды байқап, бірден 112 нөміріне хабар берді. Оқиға Щучинск қаласына жақын орналасқан Большой Забой су айдынында болған.
РКС: Жеткіншектер қауіпті жағдайды байқап, бірден қоңырау шалып үлгерген. Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің жедел кезекшісі Мирас Мүбәраков жасөспірімдерге нақты нұсқау берді. Ол балаларға мұзға шықпай-ақ, жағадан ұзын зат лақтырып, зардап шегушіні суда ұстап тұру керектігін түсіндірген.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Алғаш болып оқиға орнына Щучинск қаласындағы №7 өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері мен бөлім бастығы Сәдуақас Төлегенов жетті. Олар ер адамды дереу жағаға шығарып, денесін уқалау арқылы алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан соң жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Ақмола облысында күннің күрт жылынуына орай өзен-көлдердегі мұз тез еріп кетіп жатыр. Сондықтан қазір балық аулаушыларға да, жағалауда серуендейтін адамдарға да өзен-көлдердің үсті өте қауіпті. .
РКС: Қазір балықшының өмірін құтқарып қалған жасөспірімдердің ерлігін ескеріп, лайықты марапаттау мәселесі қаралып жатыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ