ДИКТОР: Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының репертуары тағы бір жарқын премьерамен толықты. Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов шығармасының желісімен сахналанған «Қызыл алма» қойылымы көрерменге жол тартып, алғашқы күннен-ақ үлкен қызығушылық тудырды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Спектакльдің сценарийі Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» кітабына сүйене отырып жасалған. Терең философиялық мазмұнға құрылған мелодрама отбасы құндылығы, махаббат пен адам жанының ішкі күйзелістерін арқау етеді. Шығарма желісі бойынша, бір кездері сүйіспеншілікпен құрылған отбасы уақыт өте келе тұрмыстық қиындықтар мен түсініспеушіліктің салдарынан алыстай бастайды. Әкесінің қызына деген қамқорлығы қойылымның негізгі арқауы. Кейіпкерлердің арасындағы салқындық пен сағыныш сезімі көрерменге ерекше әсер қалдырып, әркімнің жүрегіндегі таныс ойды оятады.

СНХ: БАТЫРБЕК ШӘМБЕТОВ, ҚОЮШЫ-РЕЖИССЕР: Бұл қойылымды өзіміз сахналастырдық, инсценировкаладық. Жалпы бұл шығармада отбасы жайлы, махаббат жайлы суреттеледі. Яғни отбасыдағы махаббат болмаса бұл дүниеде өмір сүру қиынға соғады. Отбасы мемлекетті құрайды десек, мемлекеттің ішкі жанында, мемлекетте болып жатқан жағдайлар осы отбасыдан басталады. Бұл шығармамен біз деген 2 айдан артық жұмыс істедік. Шығарма өзі мелодрама, ең басты рол ойнайтын Мейрамбек деген жігітіміз бар және де Мақпал деген қарындасымыз сосын мына Әсем деген актрисамыз бар, солар ойнайды.

РКС: Спектакльдегі «қызыл алма» образы – жоғалған жылулықтың, өткенге деген өкініштің және қайта оралар үміт сәулесінің символы ретінде берілген. Кейіпкерлердің ішкі күйзелісі мен жан дүниесіндегі толғаныс заманауи сахналық тәсілдер арқылы, соның ішінде дзанни пластикасы арқылы көркем бейнеленеді. Бұл әдіс қимыл мен ишараға басымдық беріп, кейіпкердің ішкі жан айқайын тереңірек көрсетеді. Соңында басты кейіпкер өз қателігін түсініп, оқиға өз орнына келеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Сахнадағы әрбір деталь – жарық, музыка, үнсіздік пен диалог – көрерменді терең ойға жетелейді. Жаңа қойылым сахна мәдениеті мен актерлік шеберліктің жарасымды үйлесімін танытып, айырықша әсер қалдырды.

СНХ: АҚЖАН ЕЛУБАЙ, КӨРЕРМЕН: Спектакль өте қатты ұнады, жүрекке жетеді, өте әсерлі. Бас кейіпкерге алғыс айтамын. Өте керемет ойнап шықты және де қасындағы адамдарына да рахмет. Сіздерге көруге кеңес беремін.

СНХ: ЭЛЬМИРА ЕЛУБАЙ, КӨРЕРМЕН: Маған бұл театр ұнады. Әсіресе әкесімен қызының махаббаты, әкесі қызының жүрегін жараламау үшін қызына барынша көңіл бөліп, қыдыртып жүргені маған өте қатты ұнады. Осы театрдың премьерасына келгеніме қуаныштымын, актерларға рахмет, көңілімнен шықты. Кітаптың желісін заманауи тілде сахналаған, маған өте қатты ұнады.

СНХ: АЙҒАНЫМ ЖҰМАХАН, КӨРЕРМЕН: Маған Шыңғыс Айматовтың мелодрамасы өте қатты ұнады, актерлардың ойындары өте күшті болды. Музыкалық өнерлері, олардың эмоцияларының, өздерінің берулері, сол премьерадағы түйілген ойлар, өте тұйық ойлар түйдім. Мысалы бас кейіпкер Исабековтың қызыл алма, яғни оның бақыты махаббат символы деп түсіндім. Маған бұл қойылым қызықты болды, себебі мен өзіме деген отбасылық құндылықтар алды, сонымен қатар құнды құнды ойлар өзіме түйдім.

РКС: Бұл туынды театр репертуарын мазмұндық тұрғыдан байытып қана қоймай, көрерменді терең ойға жетелейтін тағылымды спектакль ретінде бағаланып отыр.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ