ДИКТОР: Ауыз су өндіретін көкшетаулық компания бір жыл ішінде 40 миллион литрден астам өнім сатты. Зауыт 20-дан астам сауда маркасын ішкі және сыртқы нарыққа шығарады. Кәсіпорын экспорт бағытын белсенді түрде дамытып келеді. Олар Ресейге, Қытайға, Түркияға, Әзербайжанға, Моңғолияға, Балтық елдеріне және өзге де елдерге өнімдерін жеткізеді. Жоғары технологиялық өндірістің тыныс-тіршілігімен біздің түсірілім тобы да танысып қайтты.
РКС: Көкшетаудағы зауытта экологиялық таза ауыз су өндіріледі. Өндірістік желі сағатына 25 мың бөтелкеге жуық тіршілік нәрін шығарады. Табиғи минералды судың түрлі сауда маркасы қала маңындағы бұлақтардан бастау алады. «Кеңеткөл» және «Бұқпа» кен орындарындарындағы табиғи көздер 100 метрден астам тереңдікте орналасқан.
СНХ: ДАНА БАЙҒАРИНА, АЛКОГОЛЬСІЗ ӨНІМДЕР ӨНДІРІСІНІҢ ТЕХНОЛОГЫ: Біздің өндірістің бірегейлігі — суды ұңғымалардан тікелей алып, оны сол күйінде құтыға құямыз. Өндірісте әр сағат сайын судың сапасын бақылап отыратын лаборанттар бар. Ұңғымадан алынатын суға қатысты, нормативтік құжаттарға сәйкес, біз ай сайын талдаулар жүргіземіз. Толық химиялық, микробиологиялық талдау жасалады. Сонымен қатар өндіріс барысында судың құрамын және микробиологиялық көрсеткіштерін де тексереміз.
РКС: Су ұңғымадан бөтелкеге дейінгі жолда өзінің табиғи құрамын сақтайды. Өндірісте тек екі ғана өңдеу кезеңі бар. Екеуі де – механикалық, яғни минералдық құрамына әсер етпейді. Дискілі сүзгілеу ірі бөлшектерді жояды, бұл – тазартудың алғашқы әрі ең жұмсақ кезеңі. Одан кейін микросүзгілеу жүргізіледі. Бұл кезеңде ең ұсақ ластанулар жойылады. Нәтижесінде су табиғи қасиеттерін жоғалтпай, мөлдір әрі тап-таза күйге келеді.
СНХ: ТАЛҒАТБЕК ӘБДІҚАЛЫҚОВ, ДАЙЫН ӨНІМДІ ҚҰЮ ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Біз газдалған және газдалмаған су құямыз. Бұл цехта 2 желі бар. Бірінші желіде жарты, 1 және 1,5 литр форматтағы газдалған және газдалмаған су өндіріледі. Ал екінші желіде тек 5 литрлік «Тұран» суы құйылады. Жұмыс уақыты бойынша, таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін орта есеппен бұл цехта 180-200 мың бөтелке өндіріледі. Бірінші желі — КХС желісі. Ал екінші желі — ПЭТ-5, мұнда 5 литрлік су шығарылады. Онда сағатына 3-3,5 мың бөтелкеге дейін дайын өнім өндіріледі.
РКС: Құю цехында бір ауысымда шамамен 30 адам еңбек етеді. Өндіріс үнемі кеңейтіліп отырады. Бұл өз кезегінде қалада жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді. Табиғи ауыз судың мінсіз сапасының артында заманауи технологиялар, жоғары стандарттар және нағыз еңбек адамдарының жұмысы тұр. Бұл өнімнің барлығы, қаптамасын қоса алғанда, толықтай отандық. Бөтелкеге арналған дайындамалар да сырттан сатып алынбайды, оны осы жерде өздері жасайды.
СНХ: ВАЛЕНТИНА АСАФОВА, МИНЕРАЛДЫ СУ ӨНДІРУ ЦЕХЫНЫҢ БРИГАДИРІ: Біздің аумақта преформа өндіретін цех орналасқан. Лаборатория бөтелкенің сапасын да тексереді. Бөтелкенің сапасы мінсіз болуы керек, яғни ешқандай артық қыздырылған преформа болмауы тиіс. Жапсырма стандартқа сай болуы қажет. Тек лабораториядан рұқсат алғаннан кейін ғана өнім шығаруды бастаймыз. Шикізат -біздің өнім шығарылатын преформа, содан кейін жапсырма мен қақпақ келеді. Бұл бәрін мен орталық материалдық қоймадан аламын. Газсыз су шығатын болса, оны озонмен қанықтырады. Ал газды су болса, оны көмірқышқыл газымен қанықтырады.
РКС: 1991 жылдан бері бөтелкелерге құйылған су өндіру саласында тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізіп, ішкі және халықаралық нарықтағы орнын күшейтіп келеді. Кәсіпорын өңірдегі ірі әрі маңызды салық төлеушілердің бірі. Былтырғы жылы бюджетке аударылған төлемдер көлемі 14 миллиард теңгеден асты. Көкшетау зауытынан өнімдер өңірдегі барлық дүкендерге, Қазақстанның басқа аймақтарына және тіпті шет елдерге жеткізіледі. Қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорынға жаңа мамандар қажет. Осы бағытта зауыт өңірдің колледждерімен және жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Болашақ мамандар өндірісті жақыннан тану үшін кәсіпорында Ашық есік күндерін өткізу жоспарлануда. Бұдан бөлек, студенттердің тәжірибеден өтуіне және кейін жұмысқа орналасуына да ұсыныстар жасалады.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ