ДИКТОР: Аршалы ауданында өзенге құлаған көлік жүргізушісі ажалдан аман қалды. Астана бағытына бет алған азамат жолды қысқартпақ болып, Есіл өзенінің жағасын бойлай, көпір астымен өтпек болған. Алайда көлік тайып, суға түсіп кеткен. Көктемгі тасқыннан кейін арнасы толған өзеннің қатты ағысы жеңіл автокөлікті шамамен 500 метрге дейін ағызып әкеткен. Қауіпті жағдайда жүргізуші салқынқанды әрекет етіп, құтқарушыларға дер кезінде хабар берген.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Көлік герметикалық болғандықтан, салонға су кірмеген. Жүргізуші терезе арқылы сыртқа шығып, көліктің үстіне көтеріліп, құтқарушыларға хабар берген. Оқиға орнына Аршалы ауданының әмбебап құтқару бөлімшесі жедел жетті. Мамандар жағдайды жедел бағалап, қайықтың көмегімен ер адамды жағаға аман-есен алып шықты. Оған медициналық көмек қажет болмады. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарына су айдындары маңында барынша сақ болуды ескертеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтамау орны толмас жағдайларға әкелуі мүмкін.