ДИКТОР: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Президенттің тапсырмасы бойынша бұл саладағы заңнама жай ғана жаңартылып қоймай, барынша қатаңдатылды. Енді әйелдер мен балаларға қатысты кез келген агрессия көріністері үшін кінәлілерге нақты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Негізгі басымдық агрессорлардың психологиясын түзетуге және алдын алу шараларына беріліп отыр. Жыл басынан бері өңірде 23 қылмыс тіркеліп, әкімшілік хаттамалар саны бір жарым мыңнан асты.
РКС: 2024 жылдың маусымында күшіне енген құқықтық база бүгінде отбасылардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізіне айналды. Мәселен, енді соттар құқық бұзушыларды психологиялық көмек алуға міндеттей алады. Бұл шаралар қайталама құқық тәртіп бұзушылықтарды азайтуға және жәбірленушілерді қорғауға бағытталған.
СНХ: МАРИЯ ХАЛИКОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Бірінші тоқсанның статистикалық деректеріне сәйкес, облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында ішкі істер органдарында 23 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзгеріссіз қалып отыр. Міндетті психологиялық көмек шарасы 10 жағдайда қолданылды. Жарқайың ауданында 4, Бурабай, Ақкөл аудандарында және Степногорск қаласының әрқайсысында 2 жағдайдан тіркелген.
РКС: Психологиялық көмектен бөлек, алдын алу шараларының өзге де түрі белсенді түрде қолданылуда. Атап айтқанда, зорлық-зомбылық қаупі болған жағдайда жәбірленушіге жақындауға тыйым салу тетіктері іске қосылады. Сондай-ақ құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді. Бұл олардың әрекеттерін бақылауға және қайталама оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.
СНХ: МІНУАРА ЖОЛМАҒАНБЕТОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Ішкі істер органдарының өтініші бойынша 470 «отбасылық бұзақыға» қатысты ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді, оның ішінде 10 адамға психологиялық көмек алу міндеттелді. Аталған талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілк құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабы бойынша 365 адам жауапкершілікке тартылды. Жалпы, осындай құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, өзіндік жүгінулер мен анықталған құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, 1647 хаттама толтырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 процент жоғары.
РКС: Жәбірленушілерді қорғау мақсатында өңірде қорғау нұсқамалары да шығарылуда. Жыл басынан бері олардың саны мыңнан асты. Заңнаманың күшейтілуі және жазалау мен алдын алу шараларын қатар қамтитын кешенді тәсіл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ