ДИКТОР: Жыл басынан бері интернет алаяқтар ақмолалықтардың 230 млн. теңгеден астам қаржысын жымқырған. Жалпы өңірде интернеталаяқтықтың 199 дерегі тіркелсе, соның 85-і әшкереленді. Көрсеткіш төмендегенімен, қауіп сейілген жоқ. Ғаламтор қылмыскерлерінің арам пиғылына жем болмау қамында құқық қорғау органдары профилактикалық шараларды жалғастырып келеді.

РКС: Қазір алаяқтар алдап-арбаудың сан түрлі амал-тәсілін меңгерген. Мамандар олардың айласы күн санап күрделеніп бара жатқанын айтады. Көп жағдайда қылмыскерлер өзге өңірлерден, тіпті шетелден әрекет етеді. Соңғы уақытта кең тараған тәсілдің бірі - маркетплейстер арқылы жалған тауар сату. Тұтынушы тапсырыс берген өнім, көбіне жарнамадағы сипаттамаға мүлде сәйкес келмей болып шығады.

СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көбіне тұтынушылардан аэрогрильдер мен массаждық жапқыштарға қатысты шағым көп түседі. Аэрогрильдерге қатысты 4 өтініш түсті. Мәселен, Kaspi.kz платформасында Xiaomi маркалы, сенсорлық экраны бар өнім ретінде ұсынылған тауар шын мәнінде сапасы мен сипаттамасы мүлде сәйкес келмейтіні анықталған. Әрбір өтініш бойынша жұмыстар жүргізіліп, тұтынушыларға қаражатын қайтаруға көмек көрсетіледі. Ал қайталанатын заң бұзушылықтар анықталса, полиция департаменті де іске тартылады.

РКС: Технология дамыған сайын, алаяқтардың да мүмкіндігі артып отыр. Бүгінде олар жасанды интеллектті пайдаланып, адамның дауысын, бейнесін жасап, сенімге оңай кіреді. Ал мұндай қылмыстарды әшкерелеу де қиынға соғады. Сандарды сөйлетсек, жыл басынан бері аймақта 199 интернет алаяқтық фактісі тіркелген. Келтірілген шығын көлемі де қомақты - 231 млн теңге. Ең өкініштісі, алаяқтардың арбауына көбіне жастар мен қарттар ілінеді.

СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде, соның ішінде Instagram платформасында ресми парақшалар арқылы, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемде ақпарат жарияланып, халықтың сақтығын арттыруға басымдық беріледі. Алайда, өкінішке қарай, алаяқтардың арбауына түсетін азаматтар әлі де бар. Қаскөйлер көбіне өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кіріп, ақша аударуға мәжбүрлейді. Жалған хабарландырулар, күмәнді инвестициялық жобалар, тіпті әлеуметтік желі арқылы жақындарынан келгендей көрінетін өтініштердің - бәрі де алаяқтардың құрған тұзағы.

РКС Сақтықта қорлық жоқ. Мамандар әсіресе мереке күндері қырағылық танытуға кеңес береді. Себебі дәл осындай сәттерде алаяқтар белсенді әрекет етеді. Атыңызға гүл немесе сыйлық келіп тұрғанын айтып, растау үшін код жіберуді сұрайды. Кейін шоттағы қаржыны түгел жымқырады. Сондықтан асығыс шешім қабылдамас бұрын, мұқият тексеріп алған жөн. Күмәнді жағдай туындаса, дереу құзырлы органдарға жүгіну қажет.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ