ДИКТОР: Жасанды интеллект қазақстандықтардың күнделікті өміріне белсенді еніп, жұмысқа, оқуға және табыс табуға деген көзқарасты өзгертуде. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мәселен, облыс орталығында әйелдер мен жастарға арналған кездесу ұйымдастырылып, заманауи технологиялардың сұранысқа ие дағдыларын меңгеруге және мансап құруға қаншалықты пайдасы тиетіні туралы айтылды.

РКС: Көкшетауда жасанды интеллектке және оны тәжірибеде қолдануға арналған еркін форматтағы іс-шара өтті. Қатысушыларға жасанды интеллекттің бүгінде еңбек нарығына, қаржы саласына және кәсіпкерлікке қалай әсер етіп жатқаны жайында айтылды.

СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, «АСТАНА ХАБ» АВТОНОМДЫ КЛАСТЕРЛІК ҚОРЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда жасанды интеллект еңбек нарығын айтарлықтай өзгертіп жатыр. Ол жаңа табыс көздерін қалыптастырып, сонымен қатар даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда. Біздің негізгі міндетіміз – сіздер жаңа білім, құралдар алып, сондай-ақ өсу мен даму жолында қолдау таба алатын орта қалыптастыру.

РКС: Іс-шараға Астанадан арнайы сарапшылар да қатысты. Олар платформаны таныстырып, оның өңір тұрғындары үшін мүмкіндіктері жайында баяндады. Олардың айтуынша, жоба сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгеруге, жасанды интеллект құралдарын түсінуге және оларды тәжірибеде қолдануға көмектеседі. Екіншіден, ол мансап бойынша өсуге де, жеке табыс көзін қалыптастыруға да мүмкіндік бермек.

СНХ: ӘЛИЯ ОРАЗЫМБЕТОВА, SHE INNOVATOR CENTRAL ASIA МЕДИА-ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгін Көкшетауға Астана қаласынан келдік. Бүгінде Aqyl Tech / IT Aiel жобасын жүзеге асырудамыз. Бұл жоба жасанды интеллект пен цифрландыру жылының бағытымен толық үндеседі. Біз бұл жобамен 2023 жылдан бері айналысып келеміз. Жоба бес бағыт бойынша дамуда. Бірінші бағыт - киберқауіпсіздік, мұнда біз киберқауіпсіздік негіздерін үйретеміз. Екіншісі - қаржылық сауаттылық. Ал үшіншісі - цифрлық құзыреттер. Яғни, промпт-инженер болу, жасанды интеллект құралдарының көмегімен креативті фото, видео, роликтер жасау жолдарын үйретеміз.

РКС: Оқыту қатысушылар алған білімдерін тәжірибеде қолдана алатындай етіп ұйымдастырылған. Жобаның мақсаты - қазақстандық отбасыларға, әйелдерге және жастарға өздерінің табыс көзін онлайн түрде қалыптастыруға мүмкіндік беру.

СНХ: НАТАЛЬЯ АБРАМОВА, OZGESHE AI PR-СТУДИЯСЫНЫҢ ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Жасанды интеллект үдерістерді жылдамдататынын бәріміз жақсы білеміз. Біз қаржылық сауаттылықтан бастап оқытамыз. Мақсат қалай қойылады, юнит-экономика деген не, осының бәрін үйретеміз. Әсіресе қазіргі кезде басты назар жаңа салық кодексінде. Қатысушыларымыз өздерінің салық режимін қалай дұрыс таңдайтынын түсінуі үшін қажет. Екінші жобамыз, яғни екінші курсымыз - киберқауіпсіздік.

РКС: Бүгінде жасанды интеллект құрал ғана емес, сонымен қатар табыс табу мен кәсіби өсуге нақты мүмкіндік екенін сарапшылар айтып отыр.

РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ