ДИКТОР: 1993-ші-2001-ші жылдар аралығында тәжік-ауған шекарасына Қазақстандық 2 мыңнан аса сарбаз бен офицер бітімгерлік миссиясын орындауға барды. 1995 жыл 7 сәуірде Тәжікстанның Пшихавр тау шатқалында әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасайды. Кеудесін оққа тосқан қазақстандық 17 сарбаздың есімі тарихта таңбаланып, ел есінде мәңгі қалмақ. Осыдан 31 жыл бұрын Тәжікстанның Пшихавр таулы шатқалында әскерилерді қоршауға алған содырлармен шайқасқа түскен отандастарымыздың жаны қыршынынан қиылды. Ерлікпен шайқасқан сарбаздарды 5510 әскери бөлімі мен ардагерлер, қаза тапқан әскерилердің туған-туыстары батырлардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: 1995 жыл ел тарихында қаралы күн. Ту сыртынан оқ жаудырған содырлармен шайқас шамамен 5 сағатқа созылған. Өмір мен өлім арасында қазақстандық 17 сарбаз мерт болса, 40-тан астамы ауыр жарақат алған. Оққа жанын байлаған сарбаздардың бірі Шымкеткен қаласындағы 5485 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеген Николай Жигалик, ерекше тебереніспен өткен ауыр шайқасты еске алады.
СНХ: НИКОЛАЙ ЖИГАЛИК, ТӘЖІК-АУҒАН ШАЙҚАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Олар бізді жан-жағымыздан қоршап алды. Басқа беттен офицерлер бізді айналып өтуге мүмкіндік бермеді. Жараланғандар да көп. Оларды 40-50 метрдей жерде тұрған көпір астына апарып жасырдық. Ал кейбір достарымызды әкетіп бара жатқанын көріп, жүрегіміз ауырды. Біз соңына дейін төтеп бердік, көмек келмейінше берілмедік. Сол күні аспан торланып бұлттанып тұрды. Жауын жауып тікұшақтар көмекке келе алмады. Мүмкін, моджахедтер бұны біліп, бізге шабуыл жасаған болар. Бірақ біздің жігіттеріміз нағыз батырлар. Тез жинақталып, керемет қайсарлықпен қарсы тұрды.
РКС: 5510 әскери бөлімінде жыл сайын сәуірдің 7-де «Ерлікке тағзым күні» ерекше дәстүрмен аталып өтіледі. Бұл күн әр сарбаздың жүрегін елге, туған жерге адалдыққа толтырып, жас ұрпақты ерлік пен бірлікке үндейтін рухани сабаққа айналады. Ел бойынша әр әскери бөлімде осындай тағылымдық шаралар өткізіліп, жас ұрпаққа батырлық пен патриоттық рухтың шынайы үлгісі көрсетіледі.
СНХ: НИЯЗ СӘДУАҚАСОВ, №5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бұл шараның жастарға берер тәрбиелік маңызы зор. Осылардың еңбегін, ерлігін көріп өскен жастар бүгінде Қазақстанның нағыз патриоты болады деген сенімдеміз.
РКС: Қанды шайқаста қаза тапқан Ербол Бекебаевтың анасы да бүгін ұлына тағзым етуге келіп отыр.
СНХ: ЖАНАТ БЕКЕБАЕВА, ЕРБОЛ БЕКЕБАЕВТЫҢ АНАСЫ: 17 боздақ мәңгілікке кетті. Менің жүрегімде мәңгі бірге кетеді. Әскерде барарда дайындалып, қапқа құмды салып, қолы бәрі мазоль болып тұратын. «Мен мықты болам, мен қорықпаймын. Мен батыр болып келемін, мен бәріне шыдаймын» деп әскерге кетемін деп қуанып жүретін. Жатқан жерің жайлы болсын. Топырағың торқа болсын.
РКС: Ел батырлары мен жаужүрек ұландардың ерлігі мәңгілік құрметке лайық. Шара соңында ардагерлер мен 5510 әскери бөлімінің мамандары алғыс хатпен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ