ДИКТОР: «Заң және тәртіп» қағидаты аясында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері «Үлгілі көлік жүргізушісі» атты профилактикалық акция өткізді. Астана–Петропавл тас жолының бойында жолдағы қауіпсіздік жеке жауапкершіліктен басталатынын күн сайын дәлелдеп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

РКС: Мұндай форматтағы акция өңірде алғаш рет өткізіліп отыр. Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайтын көлік жүргізушілерін тоқтатып, оларға алғыс білдірді. Әдеттегі құжат тексерудің орнына алғыс хаттар табысталды. Полицейлердің айтуынша, дәл осылай жүргізушілердің жолдағы мәдениеті қалыптасады.

СНХ: СЕРІК ӘБУТӘЛІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біз барлық жүргізушілер арасындағы бұзушылықтарды талдап. Де бір жол ережесін бұзбайған азаматтарымызға алғысымызды білдіріп. Алғыс хат табыстаудамыз және жиі жол ережелерін бұзатын азаматтарымызбен түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Аталған акцияның негізгі мақсаты жол қозғалысын қамтамасыз етуде жүргізушілер арасындағы мәдениетті қалыптастыру, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің арасындағы жауапкершілікті арттыру

РКС: Өңір тұрғыны Григорий Пономарёв 1975 жылдан бері көлік тізгіндеп келеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бірде-бір құқық бұзушылыққа жол бермеген. Бүгінде ол жас жүргізушілер мен жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін үлгі. Автокөлік әуесқойының айтуынша, ең бастысы жолда өзге адамдарды құрметтеп, барлық ережені сақтау.

СНХ: ГРИГОРИЙ ПОНОМАРЕВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ: 51 жыл көлік тізгіндеп келемін. Алты жылдан бері зейнеттемін, әлі де көлігімді өзім жүргіземін. Ал оған дейін жүк көліктерін үздіксіз жүргіздім, көптеген елдерді араладым. Бұрынғы Кеңес Одағы бойынша айтсам, Қиыр Шығыстан, Владивостоктан бастап, Италияға дейін бардым. Шынымды айтсам, мас күйінде көлік тізгіндейтіндерді түсінбеймін. Оларды қатаң жазалау керек, рульге отырмаулары керек. Ішімдік – жүргізушінің қас жауы. Ал қалғандарына жолда амандық, сәттілік тілеймін және ешқашан жол ережесін бұзбасын.

РКС: Тәртіп сақшылары мұндай акциялар бір реттік шара емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін айтады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, заңға бағынатын жүргізушілер өзгелер үшін үлгі болып, жолдағы дұрыс мінез-құлық мәдениетін қалыптастырады.

ТОМИРИС ИДРИСОВА ,ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ