ДИКТОР: Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Әділет кеңес береді» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Әділет департаменті, облыстық прокуратура, Полиция департаменті, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің және бірқатар мемлекеттік органдардың өкілі келді. Науқанға академияның оқытушы құрамы мен 150-ден астам курсант қатысты.
РКС: Акция барысында қатысушыларға құқық қорғау органдарының өкілдері тарапынан жан-жақты кеңестер беріліп, күнделікті өмірде жиі кездесетін мәселелерді шешудің нақты жолдары түсіндірілді. Мамандар интернет алаяқтықтың жаңа түрлеріне тоқталып, дропперлік схемалардың қауіптілігі туралы сөз қозғап, одан қорғанудың тиімді тәсілдерін ұсынды.
СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Біздің халық сенгіш келеді, сондықтан кейде сөйлесіп тұрған адамның алаяқ екенін бірден аңғармай қалады. Сол себепті әрдайым мұқият әрі сақ болу қажет, яғни кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды нақты түсінген маңызды. Егер сізге алаяқтар қоңырау шалып тұрғанын байқасаңыз, әңгімені дереу тоқтатып, телефонды қоя салу керек. Ал егер сіз байқаусызда қандай да бір жеке деректерді айтып қойған болсаңыз, қатты уайымдаудың қажеті жоқ. Бұл – олардың алдау тәсілдерінің бір бөлігі ғана, яғни әңгімені сенімге кіріп жалғастыру үшін қолданатын әдіс. Түптеп келгенде, олардың басты мақсаты – сізді банкке баруға, несие рәсімдеуге, ақша аударуға, онлайн несие алуға немесе қандай да бір сатып алу жасауға итермелеу. Яғни олардың негізгі көздегені – сіздің ақшаңыз.
ГРАФИКА МӘТІНІ: Бүгінде өңір аумағында 199 интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, оның 85-і әшкереленген. Жәбірленушілердің әлеуметтік құрамына назар аударсақ, мемлекеттік қызметшілер арасында 10 жағдай, білім беру саласында 6, медицина саласында 3, ал өнеркәсіп саласында 1 жағдай тіркелген. Жас ерекшелігі бойынша ер азаматтар арасында 74 жағдай анықталған. Оның ішінде 18-25 жас аралығында – 10, 25-55 жас аралығында – 44, 50 жастан жоғары – 20 жағдай тіркелген. Ал әйелдер арасында барлығы 86 жағдай тіркелген. 18-25 жас аралығында – 13, 25-55 жас аралығында – 48, 55 жастан жоғары – 24 жағдай анықталған.
Ақмола облысындағы интернет алаяқтықтың ахуалы
Жалпы көрсеткіш
• 199 интернет алаяқтық дерегі тіркелген
• 85 іс әшкереленген
Салалар бойынша
• Мемлекеттік қызметшілер – 10
• Білім беру – 6
• Медицина – 3
• Өнеркәсіп – 1
Ерлер – 74
25-55 жас – 44
50 жастан жоғары – 20
18-25 жас – 10
Әйелдер – 86
18-25 жас – 13
25-55 жас – 48
55 жастан жоғары – 24
РКС: Қазақстандағы лудомания мәселесіне қатысты статистикалық деректер ұсынылып, оның қоғамға тигізетін кері әсері түсіндірілді. Сонымен қатар, заңсыз ойын бизнесіне қарсы жүргізіліп жатқан шаралар туралы, әсіресе интернет кеңістігіндегі онлайн-казинолар мен күмәнді платформаларды анықтау мен бұғаттау бағытындағы жұмыстар жөнінде ақпарат берілді. Сала мамандарының мәліметінше, елімізде лудоманияға шалдыққан азаматтардың саны шамамен 40 мыңнан 300 мыңға дейін жетеді. Айта кетейік, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабына сәйкес 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
СНХ: ОМАР ҚАЛИУЛЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Өткен жылы 56 қылмыстық іс тіркеліп, оның ішінде ұйымдасқан 2 қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. Сондай-ақ 11 казино, 15 ойын залының жұмысы тоқтатылып, әлеуметтік желілер арқылы жұмыс істеген 26 онлайн-казино жойылды. Сайт құру кезінде 76 ойын автоматы мен 43 ойын үстелі тәркіленді. Сондай-ақ 19 мың интернет-ресурстың қызметі тоқтатылды.
РКС: Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға жан-жақты жауап алды. Солардың бірі – Олжас Мерғазез.
СНХ: ОЛЖАС МЕРҒАЗЕЗ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Бүгінгі іс-шарада мен кибер қылмыстықтың қандай түрлері болатынын және олардан сақтану жолдары туралы білдім. Мысалы егер бізге полиция қызметкерлері немесе банк жұмыскерлері звондап сізден смс код талап етсе бұл міндетті түрде алаяқтар болады екенін таптым. Сонымен қатар, егерде мен өзімнің қаржылық сақтанғым келсе мен өзім үшін жаңа ақпараттарды мемлекеттік ресми сайттардан аламын. Мысалы egov.kz порталы және де құқық қорғау органдарының онлайн чат боттары. Сонымен қатар осы іс-шараның түйіні ретінде мен өзім үшін бізге ең бастысы сақтық және де күмәнді сілтемелерге өтпеу ешқашан, смс кодтармен бөліспеу.
РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұруға ықпал етеді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ