ДИКТОР: Еліміз бойынша құрылысы былтыр қолға алынған 232 мектепті жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр. Бұл қосымша 150 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік беріп, білім беру ұйымдарындағы жүктемені азайтады. Ауқымды жоспарлар аясында жобалардың сапасына қатысты сұрақтар жиі қойылады. Ақмола облысында да бұл мәселе бар. Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында екі нысанға қатысты мәселе қаралды. Ол Сарыарқа шағын ауданындағы 1500 орындық мектеп пен «Білім-Инновация» лицей-интернаты.
РКС: Қоғамдық тыңдауларға білім және құрылыс басқармаларының өкілдері, сондай-ақ жобаларды іске асыруға тартылған мердігер ұйымдардың мамандары қатысты. Кездесу барысында құрылыс сапасына және нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды.
СНХ: ҚАБДУӘЛИ ҚҰЛЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл мәселе бізде өткен жылдан бері көтеріліп келеді. Себебі біз бұл мектептерді аралап, тексерген кезде бірқатар кемшілікті анықтадық. Сол бойынша неге бұлай, не себептен деген сияқты сұрақтар болды. Бюджеттен, сондай-ақ жекеменшік тараптан да қомақты қаржы бөлінеді. Алайда, өкінішке қарай, жоба бойынша бір нәрсе көрсетілсе, мектептер салу барысында кейбір жерлерде жоба өзгеріп кетеді. Соның салдарынан арзандайды. Кейін кейбір жағдайларда құрылыс мерзімі созылып кетеді. Әрине, уақыт өте келе құрылыс материалдарының және басқа да қажетті заттардың бағасы қымбаттайды. Сондықтан біз бұл мәселені тыңдап, нақты түсінік алғымыз келді. Өйткені, бұл мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында.
РКС: Бұл нысандар соңғы екі жылдан бері қоғамдық кеңестің назарын аударған еді. Солардың қатарында Сарыарқа шағын ауданындағы мектеп те бар. Бастапқыда жоба 1200 орындық мектеп ретінде жоспарланған, алайда кейіннен ол қайта қаралды. Құны 2,5 есе өсіп, 5 миллиард теңгеге дейін жетті. Сондай-ақ мониторинг барысында нөлдік цикл кезеңінің өзінде шамамен 2 миллиард теңгенің игерілгені анықталды. Құрылыс кезеңіне сәйкес келмейтін материалдар мен жабдықтар сатып алынғаны белгілі болды.
СНХ: ИГОРЬ ПЛЮСНИН, ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:
Біз бұл жабдықтың қайда орналасқанын сұрай бастадық. Сол тұста оның Тараз қаласында екені айтылды. Алайда бұл ақпаратты растайтын қажетті құжаттар бізге ұсынылған жоқ. Сондықтан осыдан тура екі жыл бұрын, 2024 жылдың 10-шы сәуірінде, біз Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арыздандық. Онда жоба бойынша анықталған сәйкессіздіктер мен төленген жұмыстар арасындағы айырмашылық шамамен 813 миллион теңгені құрағаны көрсетілді.
РКС: Өз кезегінде білім басқармасының өкілдері аталған нысандарға қатысты ешқандай шағымдары жоқ екенін атап өтті.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ГАМАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Техникалық лицензияларға қол қойылған. Яғни, тапсырыс беруші өз шешіміне сәйкес нысандарды пайдалануға қабылдады.Одан кейін құрылыс басқармасы осы жоба бойынша төлем жүргізіп, әкімдік қаулысымен оларды білім саласының балансына, нақты айтқанда мемлекеттік мекемелерге берді. Мектеп пен лицейге қатысты құрылыс пен жабдықталуға байланысты ешқандай шағым немесе проблемалық мәселе жоқ.
РКС: Кеңеске қатысушылар әр білім беру нысаны белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс екенін атап өтті. Ол оқыту сапасына тікелей әсер етеді. Қоғамдық кеңес алдағы уақытта да бұл жағдайды бақылауда ұстамақ.
РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ