ДИКТОР: Облыста «WorldSkills Aqmola-2026» өңірлік кәсіби шеберліктің чемпионаты өтуде. Биыл болашақ мамандар арасындағы жарыс оныншы рет, мерейтой ретінде ұйымдастырылып отыр. Ауқымды байқау жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінде өтіп жатқан чемпионат барысымен әріптесім Томирис Идрисова танысып қайтты.

РКС: Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжі – жас аспаздар арасындағы чемпионаттың дәстүрлі алаңына айналған. Биыл бұл жерде өңірдің түрлі колледжінен келген 13 студент дәмді әрі әсем тағам дайындауда бақ сынауда. Байқауға қатысушы Бағжан Балташтың айтуынша, аспаздық өнерде ұсақ-түйек деген болмайды. Ол жарысқа дайындық көп күш-жігерді талап еткенін атап өтті.

СНХ: БАҒЖАН БАЛТАШ, КӨКШЕТАУ ҚҰРЫЛЫС-ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Колледждің ішіндегі отбор жақсы өтті. Жақсы дайындалдым. Түні бойы ұйықтамай. Енді осы бірінші орынды алуға үміттемін. Менің экспертім, Галина Еслямбековнамен, осы тапсырмаларды бірнеше рет қайталадық. Дұрыстап түсіндірді сол кісі. Осы мамандықтан жұмыс істеймін. Болашақта үлкен бір ресторан ұстауға үміттенемін. Бұл жерде біз барлығымыз қандай заттарды үйрендік, соны көрсете аламыз. Өзімізді көрсетіп, болашаққа дамимыз.

РКС: Сайысқа арналған алаңдар – соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақтандырылған заманауи құзыреттілік орталықтары. Мұнда мейлінше нақты өндіріс жағдайына жақындатылған орта жасақталған. Бұл жолғы сайысқа облыстың 14 колледжінен студенттер келді. Алдағы үш күн бойы алаңда жеті құзыреттілік бойынша жарыстар өтеді. Әр бағыт бойынша қатысушылардың жұмысын шынайы бағалауға дайын сарапшылар бар.

СНХ: НАТАЛЬЯ КЛИМЕНКО, ЕСІЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖДІҢ ӨНДІРІСТІК ОҚЫТУ ШЕБЕРІ: Мен «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша екінші курс студентім Марина Денисованы дайындадым. Іріктеу кезеңінен өттік, үздік нәтиже көрсетті. Былтыр біз «Мейрамхана сервисі» бағыты бойынша алғаш рет қатысып көрген едік. Биыл да жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қайтадан қатысуды жөн санадық. Марина осы құзыреттілікте өзінің кәсіби шеберлігін көрсетті. Оның басты қасиеті – күйзеліске төзімділігі. Менің ойымша, бұл әрбір қатысушы үшін маңызды қабілеттің бірі. Дәл осы құзыреттілікте сарапшы ретінде қатысу маған да жаңа тәжірибе алаңы болды. Өзім үшін теориялық қана емес, сонымен қатар практикалық та білім алдым. Биыл бізге дайындалу әлдеқайда жеңіл болды, өйткені бұл байқаудың қалай өтетінін алдын ала көріп, танысып үлгердік.

РКС: Биыл өңірлік чемпионатқа шамамен 400 студент қатысып жатыр. Олар 67 құзыреттілік бойынша өңірдегі 24 колледждің намысын қорғап, бақ сынауда. Осы бағыттардың төртеуі «Abilympics» деп аталады, яғни инклюзивті. Көкшетаудан бөлек, чемпионат алаңдары Степногорск және Щучинск қалаларында, сондай-ақ облыстың өзге де колледждерінің базасында ұйымдастырылған. Облыста алғашқы өңірлік байқау осыдан 10 жылдан астам бұрын өткізілген. Осы уақыт аралығында қатысушылардың да, жарыс өткізілетін бағыттардың саны да айтарлықтай артты.

СНХ: СӘУЛЕ СЕРАЛИНА, ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Басқа өңірлерден де қатысады. Астық сапасын анықтау, құтқару жұмыстары, ветеринария мен зоотехника сияқты кәсіби дағдылар бойынша өзге өңірлердің студенттері де бақтарын сынайды. Сондықтан біз мұндай чемпионаттарды өңіраралық деп атаймыз. Биыл бізде ақпараттық қауіпсіздік, 1С бухгалтерия, агроботтар, цифрлық егіншілік сынды жаңадан құзыреттіліктер пайда болды. Яғни, біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Жыл сайын жаңа бағыттар қосылып отырады.

РКС: Чемпионат облыс көлемінде 30 наурыздан 17 сәуірге дейін жалғасады. Қорытындысы шығарылғаннан кейін, үздік деп танылған қатысушылар келесі кезеңге дайындықты бастайды. Олар кейін елордада жаз айында өтетін WorldSkills Kazakhstan 2026 байқауында өңір намысын қорғамақ.

ТОМИРИС ИДРИСОВА,ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ