ДИКТОР: Аймақ диқандары мамыр айының басында жаппай көктемгі дала жұмыстарына кіріседі. Биыл шаруалар 5,6 млн гектар алқапқа дәнді-дақылды сіңіруді жоспарлап отыр. Осы ретте көктемгі егіс науқанына шаруалардың аяқ алысы қандай? Қорда тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай жеткілікті ме? Қандай кедергілер бар? Осы және өзге де мәселелер Көкшетауда өткен облыстық агрокеңесте талқыланды. Жиын барысында өңірдің агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағыттары пысықталды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Биыл да егісті әртараптандыруға басымдық беріліп отыр. Яғни, дәнді дақылдардың көлемі қысқартылып, есесіне майлы және мал азықтық дақылдардың үлесі артады. Сондай- ақ мал шаруашылығын дамыту үшін қажетті жем-шөп базасын күшейту де көзделген.
СНХ: АЙДАР НИГМЕТОВ - «ALTYN TAGA» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет тарапынан қажетті қолдауды дер кезінде алдық. Енді ауа райы қолайлы болса, диқандар егіс науқанына кідіріссіз кірісуге әзір. Шаруашылықтың негізгі бағыты – мал азықтық дақылдарды өсіру. Өйткені өңір экономикасының өзегі сапалы жем-шөп өндірісі арқылы қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға, ет өндірісін арттыруға мүмкіндік береді.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Мол өнім алу үшін сапалы тұқым мен озық технологияны қолдану маңызды. Өңірде тұқым қоры толық жасақталған. Шаруалар көктемгі науқанға қажетті ресурстармен қамтылған. Бастысы барлық агротехникалық талаптар сақталса, жоғары өнім алуға толық негіз бар,-дейді мамандар.
СНХ: БАУЫРЖАН КАЛИБАЕВ, А.И.БАРАЕВ АТЫНДАҒЫ АСТЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Биыл көктем ерте келді. Қазір алқаптарда ылғал жабу, топырақтағы ылғалды сақтау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы егіс науқанын тиімді ұйымдастыру үшін белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау, себу нормасын ғылыми негізде дұрыс айқындау және барлық агротехникалық талаптарды мүлтіксіз орындау қажет. Сонымен қатар егістікті зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау шараларын дер кезінде қолға алу да айрықша мәнге ие. Осындай кешенді әрі үйлесімді жұмыстардың нәтижесінде жоғары өнімге қол жеткізуге толық мүмкіндік бар.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Шаруаларға берілетін қаржылық көмектің барлық түрі биыл да сақталған. “Кең дала-2” бағдарламасы аясында биыл 536 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне 82,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді.
СНХ: АЗАТ СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Сондай-ақ, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын маңызды операторлардың бірі. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының тиімді тәжірибесіне негізделген несиелендіру бағдарламасы бар. Бұл бастама арқылы өңірді сүт, ет, құс еті және көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамыту көзделген. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке кеңінен тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл экономикасының түрлі салаларын жандандыруға зор мүмкіндік беріп отыр.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Қазір қыр басында 12 мыңнан астам техника мен тұқым себетін 18 мың кешен сақадай сай. Жалпы Жыл басынан бері шамамен 28 млрд теңгеге 500-ге тарта жаңа техника сатып алынды. Жанар-жағар май да шаруаларға нарықтағы төмен бағамен, литріне - 281 теңгеден беріліп отыр.
СНХ: РЕНАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Дайындық жұмыстарына келетін болсақ, мемлекет тарапынан Ақмола облысына 76 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Соның 25 мыңы қазіргі таңда шаруаларға берілді. Нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен. Тұқым жұмыстарына келетін болсақ, шаруашылықтар 100 пайыз қамтылған. Техника дайын. Қазір ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Ендігі мақсат – ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін 7 пайызға арттырып, 1,3 трлн теңгеге жеткізу. Осы ретте аймақ басшысы Марат Ахметжанов көктемгі егіс науқанын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Екі жыл қатарынан жақсы нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Биыл да жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын. Сақадай сай дайынбыз. Ол үшін қаражатымыз, техникамыз бәрі – ең бастысы біздің ауыл шаруашылық секторындағы жұмыскерлердің көңілі жақсы. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қолдауды сеземіз. Осындай қолдаудың арқасында тағы жақсы нәтиже береміз деп сенімдеміз.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Шаруалар алдағы науқанға тас түйін әзір. Мамыр айының басында дала жұмыстарына кіріседі. Өз кезегінде аймақ басшысы Марат Ахметжанов жауаптыларға егіс науқаны кезінде туындайтын барлық кедергілерді дер кезінде шешуді тапсырды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ