ДИКТОР: «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесімен 5 жастан асқан балалардың болашақта жоғары оқу орнында білім алуы үшін қаржы жинақтауға мүмкіндігі бар. Және бұл жоба аясында қазір өз балаларының болашағына инвистиция құю мақсатында өңірде 17 мыңнан астам ата-ана жарна құйған.
РКС: Қала тұрғыны Аягөз Нығметова кез келген ана сияқты, балаларының болашағына алаңдайды. Осы алаңдаушылықтың жетегінде ол былтыр «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында әр баласының атына жеке жинақ шотын ашып, олардың болашағына сенімді инвестиция жасады. Бүгінде көпбалалы ана енді балаларының келешекте ақылы білім алуына немесе баспаналы болуына алаңдамайтынын айтады.
СНХ: АЯГӨЗ НЫҒМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Былтыр мен балаларымның атына «Келешек» бағдарламасы аясында Отбасы Банкте «Aqyl» депозитін аштым. Мұны олардың болашағына жасалған тиімді инвестиция деп есептеймін. Қазірдің өзінде қаражат жинауды бастап кеттім, себебі олар кәмелет жасына жеткенде бұл жинақты оқу ақысын төлеуге пайдалана алады. Ал егер грантқа түссе, жиналған қаражатты баспана алуға жұмсау мүмкіндігі болады. Мен бұл балаларым үшін тамаша бастапқы капитал екеніне сенімдімін. Балалардың болашағын, білімін, мүмкіндіктерін және алдағы уақытта өз баспанасының болуын алдын ала ойлау өте маңызды.
РКС: Бұл жүйе балаға шот ашып, 18 жасқа дейін қаражат жинау есебінен жүзеге асады. Ол үшін ата-ана 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы капитал салады. Кейіннен ата-ананың ерікті салымдарына жыл сайын 5 процент мөлшерінде мемлекеттік сыйақы мен инвестициялық табыс қосылып, қаражат біртіндеп өседі. Егер ай сайын кемінде 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жарна салынып отырса, бала кәмелет жасына жеткенде шоттағы жинақ 3,3 миллион теңгеден асады. Ал ай сайынғы төлемді 3 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жағдайда, жинақ көлемі 7 миллион теңгеден де жоғары болуы мүмкін. Бұл бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі болғандықтан ай сайынғы жарна мөлшеріне ешқандай шектеу қойылмайды.
СНХ: АЙЖАН БЕРКІМБАЕВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МАМАНЫ: Бағдарлама жаңа туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі барлық бүлдіршінді қамтиды. Оған қатысу үшін «Отбасы банкінде» «Ақыл» жинақтау салымын ашу қажет. Оны Отбасы банкі порталы арқылы онлайн мобильді қосымшада немесе бөлімшеге келіп, консультанттың көмегімен ашуға болады. Оны тек биыл немесе келер жылы 5 жасқа толатын балалар ғана ала алады. Егер бала 6 жасқа толса, өкінішке орай бастапқы капитал берілмейді.
РКС: Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың атына ашылған депозиттер бойынша жыл сайын міндетті жарна төлеу талап етілмейді. Бұдан бөлек, жинақтау жүйесінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында баланың шотына түскен қаражатты осы депозитке аударып, біріктіру мүмкіндігі де қарастырылған.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ