ДИКТОР: Өткен демалыс күндері ересектер арасында қазақ күресінен ірі турнир ұйымдастырылды. Аталған жарыс қазақтың әйгілі балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына арналды. Дода «Заң мен тәртіп» және «Спорт есірткіге қарсы» бастамалары шеңберінде өтті.
РКС: Байрақты бәсекеге 60-тан астам балуан қатысып, 60 және 74 келі салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Әсіресе, «Түйе балуан» абсолюттік санаты көрермендердің қызығушылығын тудырды. Бұл кезеңде 15 спортшы бас жүлде үшін белдесті. Жарыстың құрметті қонағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі Әйкен Мұқан болды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘЙКЕН МҰҚАН, ҚАЖЫМҰҚАН МҰҢАЙТПАСҰЛЫНЫҢ ШӨБЕРЕСІ: Биыл Қажымұқан атаның 155жылдығы. Соған арнайы осы жаңа ашылған спорткомплекста атамның биылғы 155 жылдығы, юбилейі осы ішінде өтіп жатыр. Спортшы балалар, түйе палуандар бүгін өнерлерін көрсетіп жатыр. Атамның ізбасарлары бар екенін, атамның аты өшпейтінін, осыған бүгін көзім жетті. Алғысым шексіз.
РКС: Абсолюттік санатта Көкшетау қаласының намысын қорғаған Алмас Жұмағали жеңімпаз атанып, 700 мың теңге ақшалай жүлдені иеленді. Екінші орынды астаналық Жасұлан Халхабаев алса, үшінші орынға Жанболат Дартаев пен Дидар Көпжасар тұрақтады.
СНХ: АЛМАС ЖҰМАҒАЛИ, «ТҮЙЕ БАЛУАН» НОМИНАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Қажымұқан атамыздың 155 жылдығына арналған түйе палуан сайысы өтті. Сол сайыста жеңімпаз атандым. Осындай жарыстарды қолдап отырған арнайы жасаққа бүгін командир Мадимұхаметов Ардақ Нұржанұлына алғысымды айтамын. Ол кісі бапкерім болып келеді. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық мықты палуандар әр өңірден жиналды.
СНХ: СЕРІК ШӘЙКЕНОВ, ТУРНИРДІҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Жарысымыз жақсы деңгейде өтіп жатыр. Әділ және таза. Балуандар мықты дайындалып келіп, өз өнерлерін жақсы көрсетті. Бұл турнир биыл Көкшетау қаласында бірінші рет өтіп жатыр, Қажымұқан Мұңайтпасұлының атына. Осы жарысымызға демеушілік болып жатқан демеушілерге көп рахмет айтамыз. Ұлттық спортымыз дами берсін. Қазақ күресі жасасын.
РКС: 60 келі салмақта Астана қаласынан келген Асхат Қайыркен топ жарды. Ал 74 келіде Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Руслан Ильбисинов жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Бірінші орын иегерлеріне теледидар, екінші орынға кір жуғыш машина, ал үшінші орынға — шаңсорғыш берілді.
СНХ: АСХАТ ҚАЙЫРКЕН, ТУРНИРДІҢ 60 КЕЛІ САЛМАҚ САНАТЫНДАҒЫ ЖЕҢІМПАЗЫ (АСТАНА): Бүгінгі өткен схваткаларым, белдесулерім өте қиын болды. Бірінші белдесуден бастап қиын болды. Рахмет айтамын Дәулет ағайыма, және де Астананың жаттықтырушыларына, Мәрлен ағайға және Төлебек ағайға рахмет айтамын.
СНХ: БАҚДӘУЛЕТ КӘРІСБЕК, ТУРНИРДІҢ 60 КЕЛІ САЛМАҚ САНАТЫНДАҒЫ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ (КӨКШЕТАУ): Бұл жеңісімді академия басшылық құрамына және өзімнің отбасыма, достарыма арнаймын.
РКС: Облыстық спорт федерациясы мен құрылыс компанияларының өкілдері тарапынан қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы бойынша арнайы марапаттарды полиция майоры Дамир Жүсіпов табыстады. Жүлдегерлер велосипед, микротолқынды пеш және термопот иеленді. Турнир ұлттық спортты дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттаған жарқын спорттық шараға айналды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ