ДИКТОР: Ақмола өңірінде "WorldSkills Aqmola-2026" кәсіби шеберлік чемпионаты жалғасып жатыр. Бұл жолы Көкшетаудағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде 9 құзыреттілік бойынша студенттер белсенділік танытуда. Білім ошағында өтіп жатқан чемпионаттың барысымен әріптесім Лаура Елубаева танысып қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Сәуірдің 14 мен 17 аралығында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде өтіп жатқан кәсіби шеберлік байқауы бірнеше кәсіби құзыреттерді қамтиды. Жас мамандар "Әлеуметтік-мәдени қызмет", "Графикалық дизайн", "Сән технолгиясы", "Киім тігу" және өзге де бірнеше бағыт бойынша сайысып жатыр. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген 400-ге жуық студент бақ сынасуда.
СНХ: САЯН МҰХАМЕДИЯР, АҚАН СЕРІ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ МӘДЕНИЕТ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл іс-шара 4 күнге созылады. Жеті бағыт бойынша. Бірінші орын алған оқушымыз облысымыздың атынан күзде өтетін республикалық кезеңге қатысады. Сол мынау чемпионатымыз республикалық чемпионатқа іріктеу. Бірнеше колледжден қатысып жатыр студенттер. Облысымыздың түкпір-түкпірінен келіп, балалар өз бақтарын сынауда. Барлығына сәттілік тілейміз!
РКС: Байқауға алғаш рет қатысып жатқандар да бар. Солардың бірі - Аяжан Қасымова. Қатты қобалжығанымен, ол киімді цифрлық модельдеу бойынша берілген тапсырманы уақытында орындап шығуға барын салып жатыр.
СНХ: АЯЖАН ҚАСЫМОВА, "WORLDSKILLS AQMOLA-2026" ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСУШЫ: Сәл қобалжу бар. Бірақ, байқау жақсы өтеді деген үміттемін. Мен бұл чемпионатқа 2 ай дайындалдым. 3-кезең бойынша өнер көрсетеміз. Бірінші кезеңде біз эскиз жасаймыз. Кейін екінші кезеңде лекало сызып, оны матаға конструкциялап, қиямыз. Ол шамамен 4 сағат уақыт алады. Соңғы кезең – модельдеу. Яғни, 8-9 сағат бойы арнайы жилетімізді тігеміз.
РКС: Жыл сайын өтетін чемпионат өңірдің дарынды жастарына зор мүмкіндік береді. Таңдаған құзыреттері бойынша бірінші орын алғандар Ақмола облысынан жасақталатын құрама командаға қосылып, "WorldSkills Kazakhstan-2026" Ұлттық чемпионатына жолдама алады.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ