ДИКТОР: "Kokshetau Marketing" бірлестігінің қызметкерлері "ENKI" кірпіш зауытының жұмысшы мамандарымен кездесті. Шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен волонтерлер де қатысты. Зауытқа болашақ мамандарды тарту және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған кездесу экскурсия түрінде өтті. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Аталған экскурсияда мамандар қауіпсіздік техникасын түсіндіріп, кәсіпорынның жұмысымен таныстырды. Зауыт жылына 90 миллион кірпіш шығара алады. 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның басым бөлігі жас маман. Оларды жұмысқа тарту үшін бірқатар жұмыс қолға алынды.
СНХ: ЕРЛАН МЫРЗАҒАЛИЕВ, "ENKI" КІРПІШ ЗАУЫТЫНЫҢ ӨНДІРІС БАСТЫҒЫ: Бізде дуальды оқыту бар. Онда олар сабаққа да барады, бізде де жұмыс істейді. Ол тек қана теорияны емес, практиканы да көреді. Бізде жұмыста қалып, жұмыс істейді. Біздің есігіміз әрдайым ашық. Көбінесе студенттер келеді, қарайды. Бұл зауытқа келіп олар мамандықтарын ауыстырады.
РКС: "Kokshetau Marketing" - бұл Көкшетаудағы digital-мамандар мен маркетологтардың қауымдастығы. Жоба креативті бизнесті дамыту үшін кәсіби мамандарды біріктіреді. Сондай-ақ, тәжірибе алмасу және өндірістік процестерді зерттеу мақсатында жергілікті кәсіпорындарға көшпелі экскурсиялар ұйымдастырып тұрады.
СНХ: ҚУАНЫШ МҰҚЫШЕВ, "KOKSHETAU MARKETING" БІРЛЕСТІГІНІҢ КӨШБАСШЫСЫ: Біздің мақсатымыз - шаһардағы кәсіпорындарды жай ғана араламай, өндірістік процестің қалай ұйымдастырылғанын, қандай өнімдер шығарып, экспортталатынын және сату бөлімінде өнім өткізу жүйесінің қалай жолға қойылғанын көрсету. Бірлестік жақында ғана құрылды. Соған қарамастан Telegram желісінде 250 қатысушымыз бар. Сонымен қатар, Instagram парақша да жұмыс істеп тұр.
РКС: "Kokshetau Marketing" қауымдастығы апта сайын өңірдегі кәсіпорындарды аралап, осындай экскурсиялар өткізуді көздеп отыр.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ