ДИКТОР: 17 сәуір – өртке қарсы қызмет күні. Айтулы датаға орай өрт сөндіру қызметінің зейнеткерлері жерлесіміз Аскар Забикулиннің ескерткішінің маңына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Сала ардагерлері ерлікпен қаза тапқан азаматтың рухына тағзым етіп, бейбіт күннің батырын бір минут үнсіздікпен еске алды.Тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: 1918 жылдың 17 сәуірінде «Өртпен күресудің мемлекеттік шараларын ұйымдастыру туралы» декретке қол қойылып, кәсіби өртке қарсы қызметтің негізі қаланған. Биыл бұл айырықша мерекеге 108 жыл толды. Осы күннен бастап мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қалыптасу жолы басталып, бүгінде еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Бұл салада еліміз бойынша шамамен 13 мыңға жуық маман қызмет атқарып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде.
СНХ: ЕРЛАН МОЛДАХАНОВ, ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ АРДАГЕРІ, ЗАПАСТАҒЫ ПОЛКОВНИК: Осындай тағылымды шаралар жыл сайын өткізіліп келеді. Бүгінгі басқосу – осы мерекенің маңызын тағы бір мәрте айқындап, оның ешқашан ұмытылмайтынын көрсетеді. Бұл – біздің жадымызда мәңгі сақталатын, жыл сайын жалғасын табатын дәстүр. Осы орайда, азаматтық қорғаныс жүйесінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен зейнеткерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Олардың қажырлы еңбегінің арқасында бүгінгі жүйе ел игілігі жолында тиімді қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда табиғи апаттардың жиілеп отырғаны белгілі, және мұндай зілзаланы еңсеруде Төтенше жағдайлар министрлігінің ролі ерекше. Ең бастысы – осы асыл дәстүрлер ешқашан үзілмей, келер ұрпаққа дейін жалғаса берсін.
РКС: Ер есімі – ел есінде. Асқардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Ол бұл мамандықты қауіпті екенін біле тұра таңдады, өрттің өтінде жүрсе де тастамады, соңғы деміне дейін антына адал болды.
СНХ: ЖАНАТ ҚАРАБАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС ОРГАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Асқар Забикуллин өзіміздің оқушымыз. Осы Көкшетауда оқып, содан міне барып ерлік жасап, құтқарды. Өзі көз жұмып кетті, енді жатқан жері жарық болсын. Қазір қарасаң техника бәрі жаңа, ризамын мынау қазіргі министірімізге, қазіргі техникамызды жаңартты, жаңа пожарный дп-лар ашып жатыр. Сол өрт сөндірушілерге зор денсаулық, ақ ақ жол бәріне.
РКС: Бұған дейінгі шаралар «Мәңгілік алау» маңында және Сарыарқа ауданындағы №2 өрт сөндіру бөлімінде өткізіліп келген. Енді бұл дәстүр бір орталыққа шоғырланып, еске алу рәсімдері тұрақты түрде дәл осы жерде ұйымдастырылмақшы.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ