ДИКТОР: Көкшетаудағы зауытта кіріктірілген қауіпсіздік функциясы бар тұрмыстық газ баллондары шығарылады. Кәсіпорын өз әзірлемесіне негізделген жергілікті өндірісті жолға қойған. Газ баллонына жарылыстан қорғайтын газ жапқыш арматура орнатылған. Қазіргі таңда өндірістік қуат жылына осындай 60 мың баллон шығаруға мүмкіндік береді. Болашақта бұл көлемді ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы әріптесім Мөлдір Елемесова айтады.
РКС: Зауытта газ баллонының корпусы да, пайдалануға қажетті газ жапқыш арматура да өндіріледі. Жыл басынан бері кәсіпорын 600-ден астам тапсырысты орындады. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ. Отандық газ баллоны қауіпсіздік жүйесінің негізгі бөлігі - атмосферамен жалғанған жанбайтын газ шығару арнасы.
СНХ: ВИТАЛИЙ ГЕРТ, «ТЫНЫС» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ИНЖЕНЕР ҚҰРАСТЫРУШЫСЫ: Жарылысқа қарсы клапан біздің отандық өндірістегі газ баллондарына орнатылады. Бұл клапан біздің кәсіпорында бірнеше жылдан бері шығарылып келеді. Ол газ баллонындағы артық газды шығаруға арналған. Мысалы, күн сәулесінен қызған кезде немесе дұрыс тасымалдамау, дұрыс сақтамау жағдайында, батарея жанында. Яғни, ол жарылыстың алдын алады. Қызған кезде, дұрыс сақталмаған немесе дұрыс пайдаланылмаған жағдайда жарылысқа қарсы клапан іске қосылып, артық газ сыртқа шығарылады.
РКС: Өнімнің сапасы сәйкестік жөніндегі индустриялық сертификатпен расталған. Кәсіпорын бір ауысымда шамамен 150 газ баллонын шығарады. Болашақта жылдық өндірістік қуатты 200 мың данаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл елдің ішкі нарығын қауіпсіз жабдықпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
СНХ: ПАВЕЛ ШУРАНОВ, «ТЫНЫС» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕР ҚҰРАСТЫРУШЫСЫ: Біздің ұйымның мақсаты – Қазақстан нарығына шығып, қызмет ету мерзімі 30-40 жылдан асқан, міндетті түрде пайдаланудан шығарылуы тиіс кеңестік газ баллондарын толықтай алмастыру. Біз азаматтарымыздың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін өндірістік қуатты арттырып жатырмыз. Газ баллондары 5, 12, 27 және 50 литрлік көлемде шығарылады. Бұл газ баллондары санатына қарай бөлінеді. Мысалы, 50 литрлік газ баллонЫ қоғамдық тамақтану орындарында және өзге де өндірістік ұйымдарда қолданылады. Ал 27 литрлік газ баллондары тұрмыста пайдаланылуы тиіс.
РКС: Компания газ жабдықтарының желісін дамытуды жалғастыруда. Тұтынушылар үшін өнімге қолжетімділікті және өндірістің тиімділігін, қауіпсіздікті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Елімізде газ баллондарын пайдалану «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңмен реттеледі.
СНХ: ЖАНАТ АХМЕТҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңы 28-бабының жетінші тармағына сәйкес, екі қабаттан көп көпқабатты тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 306-бабына сәйкес 50 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынады. Орталықтандырылған газбен қамтылған ғимараттарда кейбір пәтерлердің газ баллондарын пайдаланып жатқанын көрген немесе білетін тұрғындар әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кдоексінің 144 бабы бойынша жазбаша түрде шағым түсіруге құқылы. Содан кейін тұрғын үй инспекциясы ол шағым бойынша оқиға орнына барады. Пәтер иесімен сөйлеседі. Бірінші ретте ескерту беріледі. Егер құқық бұзушылық қайталанса, әкімшілік айыппұл салынады.
РКС: Жуырда қалалық тұрғын үй инспекциясы профилактикалық айлық өткізуді жоспарлап отыр. Қоғамдық тамақтану орындарының басшыларына қауіпсіздік техникасы мен қысымды төмендететін арнайы редукторлармен жабдықталған газ баллондарын пайдалану қажеттілігі түсіндіріледі. Қазір Көкшетауда 1200-ге жуық көпқабатты тұрғын үй бар. 400-ден астам көпқұабатты үйдің тұрғыны орталықтандырылған көгілдір отынды. пайдаланады. Жергілікті билік облыс астанасын газбен қамтуды жалғастыруда.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ