ДИКТОР: Көкшетауда кезекті театр премьерасы көрерменге жол тартты. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұжымы «Арылу» қойылымын сахналады. Философиялық туындының ерекшелігі – мұнда басты кейіпкер жоқ. Әр көрермен өзінше ой түйеді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Шымылдық түрілген сәттен бастап ерекше атмосфера сезіледі. Заманауи форматтағы қойылым жеті әйелдің тағдырын арқау етеді. Әрқайсысының өмір жолы – бір-біріне ұқсамайтын бөлек әлем. Әйел затының басынан өтетін қуаныш пен қайғы, үміт пен мұң сахнада шынайы бейнеленеді. Жалпы қойылым Барзу Абдураззаковтың шығармашылық желісімен қойылған. Ал жас режиссер Олжас Қами үшін бұл – алғашқы сахналық туынды. Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің түлегі бүгінде Жүргенов атындағы өнер академиясында білімін шыңдап жүр. Спектакль саундрама жанрында қойылған. Бұл жанр арқылы режиссер қоғамдағы өзекті мәселелерді жаңа қырынан көрсетуді мақсат еткен.

СНХ: ОЛЖАС ҚАМИ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР: Саундрама жанрын Қазақстанға, елімізге танымал режиссер Фархат Молдағали алып келген. Ол тірі музыка, тірі организм. Жалпы бұл спектакльде 7 әйелдің монологы айтылады. Жеті әйелдің сыры, мұңы. Біз бұл спектакльмен барша әйелдер қауымы бақытты өмір сүру керек деген ойды алға қозғаймыз. Олардың махаббатын, мұңын шертеміз.

РКС: Қойылым көтерген тақырып бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Әйел тағдыры, олардың қоғамдағы орны мен кездесетін қиындықтары көркем тілмен өрілген. Бұған дейін театр сахнасында Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл алма» қойылымы ұсынылған еді. Екі туындының да өзегі бір - сағыныш пен ішкі күйзеліс .

СНХ: МАНАРБЕК ҚЫДЫРБАЙ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Жалпы қандай да бір финанстық кедергілерге қарамастан театрымызда жаңа қойылымдарды жүзеге асыруды тоқтатқан емеспіз. Өйткені шығармашылық тоқтаған жерде актерлар солып қалады. Сол актерларымызды, әртістерімізді бірқалыпты, шығармашылық күйде ұстау үшін осындай шығармашылық процесс жүргізіп жатырмыз. Бұл премьера адамның ішкі жан дүниесінің ақтаруы, сыры мен мұңымен бөлісуі. Мұнда 7 әйелдің 7 түрлі тағдыры айтылады. Әр әйелдің өзінің мұңы бар, реніші бар қоғамға айтатын базынасы бар, өмірге деген өкпе-реніші бар, сағынышы бар. Әр әйелдің сырын тыңдай отырып, қоғамдағы актуалды мәселелерді аңғаруцға болады.

СНХ: СЕЗІМ МАНАТ, КӨРЕРМЕН: Бүгінгі қойылымнан ерекше әсер алдым. Себебі қоғамда болып жатқан әйелдердің мәселесі – өте күрделі. Жеті әйелдің – жеті түрлі образы, жеті түрлі ішкі сезімі көрерменге ерекше сезім берді. Ана, әйел деген бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді деп бекер айтпайды. Сыртқы келбеттері, киім үлгілері бірдей болғанымен, ішкі жан дүниелері, ішкі сезімдері, ішкі ойлар, қиындықтары, тағдырлары әртүрлі. Сондықтан осындай шағын қалада үлкен өнер иелері болғанына қуанымын.

СНХ: ГҮЛЖИХАН ҚАБДЕНҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН: Спектакль өзіме ұнады. Әйел адам – біз мықты адамбыз ғой, Алла тағала сөйтіп жаратқан бізді. Керемет ойнады. Бәрі ұнады, жақсы болды. Өзім ішіне кіріп кеттім, кәдімгідей, шынымды айтсам. Прям уайымдап.

РКС: Иә, шынымен де қойылым көрерменді ерекше сезімге бөлегені соншалық, жиналған қауым ұзақ уақыт бойы дүркірете қол соғып, тарқасты.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ