ДИКТОР: Көкшетауда жергілікті брендтерді республикалық деңгейге шығаруға қатысты кәсіпкерлерге практикалық сессия ұйымдастырылды. Оны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығымен бірлесіп өткізді. Айта кетейік, өңірлерде бизнесті дамытуға бағытталған бұл жоба екі жылдан бері сәтті жүзеге асырылып келеді. Кеңейтуді неден бастау керек, қандай маңызды тұстарға назар аудару қажет? Томирис Идрисова баяндайды.
РКС: Заманауи бизнестің басты талабы - өз аймағынан тысқары жерлерге шығып, өзге қалаларда филиалдарын ашу. Сондықтан сарапшылар қатысушыларға жобаларды кеңейтуге қатысты қадамдық нұсқаулар дайындады. Сессияға 150-ге жуық адам қатысты. Залда 70 кәсіпкер жеке жұмыс істесе, тағы 80 бизнес өкілі кездесуді бақылап, қашықтан сұрақтар қойды.
СНХ: ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Көптеген бизнес иелері кәсібінің белгілі бір кезеңінен соң кеңейтуді, келесі деңгейге қалай жетуге болатынын және қай қалаларда филиалдар ашу керектігін, оны қалай жүзеге асыру керектігін қарастыра бастайды. Бүгін осы семинар-кеңес арқылы спикерлер нақты тәжірибелерімен бөлісті. Неден бастау керек, қандай салаға назар аудару керектігі туралы айтып, оң мысалдарымен бөлісті.
РКС: Жоба бастамашысының бірі Гүлбану Майғарина кез келген кеңейтудің сәтті болуы компанияның ішкі тәртібіне байланысты екенін атап өтті. Ішкі процестер цифрланбаса, өсудің кез келген әрекеті проблемаларды одан әрі ушықтыра түседі,-дейді. Кәсібін енді бастағандар үшін оңтайлы шешім мықты франшиза сатып алу. Бұл жағдайда кәсіпкер брендті ғана емес, алдын ала жолға қойылған маркетинг пен аналитикасы бар дайын операциялық жұмыс үлгісін алады.
СНХ: ГҮЛБАНУ МАЙҒАРИНА, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ КОМИТЕТ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің бизнес ең алдымен сандарға, атап айтқанда дұрыс шешімдер қабылданатын қаржылық көрсеткіштерге негізделген. Сонымен қатар, әрине, бұл жүйелік бизнес. Тек жүйелік бизнесті ғана ауқымды ете аламыз. Көбінесе, біз операциялық қызметке төтеп бере алмасақ, бизнес жабылады. Бұған жол бермеу үшін біз осында келіп, білгенімізбен бөлісу үшін келдік.
РКС: Семинар кәсіпкерлер үшін практикалық кеңес алаңына айналды. Мәселен, Әсел Шәкірованың бизнесте жүргеніне 20 жыл. Ол дәл осы жерден өсудің жаңа мүмкіндіктерін тапқанын айтады.
СНХ: ӘСЕЛ ШӘКІРОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: Бүгін біз керемет тренингке қатыстық. Кәсіпкерлер жұмысының ілгерілуіне осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Өйткені қазір көптеген кәсіпкер қаржылық жағынан сауаты әлі де төмен. Бұл семинар олардың жалпы пайдасын есептеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, SMM, жасанды интеллект дамып келеді. Сәйкесінше көбірек клиент тартуға болады. Бүгін біз клиенттерді тартудың құралдары туралы білдік. Біз сияқты кәсіпкерлер үшін өте маңызды.
РКС: Айта кетейік, мұндай кездесулер сәуірдің алтысы мен мамырдың 4-і аралығында еліміздің 17 қаласында өтеді. Ұйымдастырушылар ұлттық нарықта өз орнын алатын жергілікті компанияларға қолдау көрсету үшін әр аймаққа баруды жоспарлап отыр.
ТОМИРИС ИДРИСОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ