ДИКТОР: Бүгін – Ұлттық кітап күні. Осыдан екі жыл бұрын Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде тапсырма берген еді. Соған сәйкес, өткен жылы алғаш рет 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып белгіленді. Мемлекет басшысы бұл мереке білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасатынын ерекше атап өтті. Айтулы мереке қарсаңында көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының жарық көргеніне 55 жыл толуына орай Әл- Фараби атындағы IT-мектебінде «Қазақ тарихының суреткері» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Әдемі кештің куәсі болып қайтқан тілшіміз Риза Жұпария баяндасын.

РКС: Өскелең ұрпақты кітап оқу арқылы тәрбиелеу мақсатында кітапхана қызметкерлері түрлі шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Соның бірі бүгінгі танымдық кеш. Рухани кешке тарихшылар, әдебиетшілер, білім беру саласының өкілдері, Атбасар қаласындағы жазушының әдеби музейінің меңгерушісі, студент жастар мен оқушылар қатысты.

СНХ: БАҚЫТЖАН АЙДОСОВА, САЛТАНАТ САРАЙЫ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Себебі,әр адам өз тарихын білу керек және қазіргі кезең біліктілік заманы ғой әр бала білімге ұмтылуы керек, ал білімді кітап арқылы алып, өз ой-өрісін жетілдіреді. Сондықтан, кітап оқу әдетін біз тұрақты түрде жасөспірімдердің бойына дамыту үшін, олардың шығармашылық қабілеттерін ашу үшін осындай шараларға жиі шақырып, ұйымдастырып отырамыз.

РКС: Әдеби танымдық кеште филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек тарихи оқиғалардың хронологиясын қалпына келтірген қазақтың алғашқы және ең ірі тарихи жазушысы Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына тоқталды. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінінің оқытушысы Еркін Кикаринов «Алмас қылыш» романының тарихи деректілігі мен құндылығы туралы ой өрбітті.

СНХ:ЕРКІН КИКАРИНОВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ: Оның сол замандағы ерлігі кеңес заманында қазақ хандығы туралы жазу цензурамен тыйым салынған болатын. Сол кездің өзінде ол 1969 жылы «Алмас қылышты» жазып кейін, «Қахар» романын, содан кейін «Жанталас» романын қосып, осы «Көшпенділер» триллологиясын жазған болатын. Осы романның бір ерекшелігі қазақ архаизмдері өте көп, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер жақсы, орнықты пайдаланылған. Және осы кітаптың тағы бір қызықты дерегі:үш миллиондай данасы басылып, әлемнің отыз тіліне аударылған, соңғы 2012 жылы неміс тіліне аударылған болатын.

РКС: ІТ мектеп-лицейінің оқушылары туындыдан алған ой-түйіндерімен бөліссе, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің «Драма театры әртісі» бөлімінің студенттері романнан әсерлі үзінділер оқыды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Танымдық әдеби кеш ұлт рухын оятып, тарихты қайта пайымдауға жол ашқан, қаламгер мұрасын жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Шара соңында кешті ұйымдастыруда белсенділік танытқандарға қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі басшысының атынан Алғыс хаттар табысталды.

РИЗА ЖҰПАРИЯ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ