ДИКТОР: Көкшетауда робототехника саласындағы беделді жарыстардың бірі – Дүниежүзілік роботтар олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Шараға қаладағы білім ордаларымен қатар Ақкөл қаласы, Бұланды және Целиноград аудандарынан келген 50-ге жуық команда қатысты.
РКС: Жарыс төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Әр санат қатысушылардың техникалық білімімен қатар, логикалық ойлау және креативтілік қабілетін жан-жақты сынады. Алғашқы санатта командалар автономды роботтарды құрастырып, оларды күрделі тапсырмаларды орындауға бейімдеді. Екінші бөлімде роботтар өзара бәсекеге түсіп, нақты уақыт режимінде жылдамдық пен дәлдікті сынады. Үшінші санатта оқушылар инновациялық жобаларын ұсынып, олардың практикалық маңызын көрсетті. Ал соңғысында жас инженерлер құрастырған автономды көліктер арнайы трассада сыналып, кедергілерден өтті.
СНХ: АЯН АЛТЫНБЕКОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінеді. Биылғы сайыстың тақырыбы «Robots Meet Culture». Осы тақырыпқа сай сайыста мәдениет, өнер, технология тоғысқан бағыт бойынша roboMission, roboSports, future innovators, future engineers төрт түрлі кезеңге бөлінген. Бұл сайыстан жеңімпаз атанған командалар маусым айында Алматы қаласында республикалық деңгейде Ақмола облысының намысын қорғауға барады.
РКС: Қатысушы құрамалардың бірі Әбілмансұр Болат пен Асылхан Жылқайдар. Олар RoboSports санаты бойынша үш жыл бойы тұрақты қатысып, бірнеше мәрте екінші орын иеленіп келді. Биыл команда алғаш рет RoboMission санатын таңдап, өз мүмкіндіктерін жаңа бағытта сынап көруге бел буды. Жас инженерлер бұл жолы робот құрастыру мен бағдарламалау саласындағы тәжірибесін кеңінен қолданып, жаңа форматтағы тапсырмаларға бейімделді.
СНХ: ӘБІЛМАНСҰР БОЛАТ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (BOLASHAQ SARAIY): Осы 4 жылдың ішінен біз өкінішке орай республикалық жарысқа өте алмадық, осы жылы өтеміз деп сенеміз. Бұған дейін осы 3 жылдай 2-ші орын алдық. Негізі осы әлем бойынша олимпиаданың сезоны қаңтар айынан басталған. Осы сезоннан бастап біз арнайы поляны распечаткаға жібердік. Содан біз осы роботты lego spike prime-нан құрастырдық және осы кодты біз 2 апта бойы жазғанбыз. Логикалық және басқа да функциялар жаздық арнайы, жақсы өтіп жүру үшін және де басқа миссияларды орындау үшін.
РКС: Аймақтық кезең қорытындысы бойынша әр санатта үздік командалар анықталды. RoboMission санатында Қосшы қаласынан келген «Jana beles» және Ақкөл қаласының «IsakovRobotics» командалары жүлделі орындарға ие болды. Future Innovators санатында Талапкер ауылындағы ТОО «Жас тұлға», Назарбаев Зияткерлік мектебі мен әл-Фараби атындағы IT мектеп-лицей командалары ерекшеленсе, RoboSports санатында Bolashaq Sarayi-нан келген «Alex Pereira» командасы жеңімпаз атанды. Ал, Future Engineers санатында Назарбаев Зияткерлік мектебінің «RoboFlow» командасы жүлделі 3-ші орын иеленді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ