ДИКТОР. Ақмола облысындағы су айдындарының экологиялық жағдайы мен шекті рұқсат етілген концентрация деңгейіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіледі. Өңірде барлығы 40-қа жуық су қоймасы бар. Бұдан бөлек 552 көл және 2 200-ден астам уақытша су ағындары тіркелген. Су ресурстарын қорғау мен тиімді пайдалану — таза су тапшылығын азайтуға, өндірістік айналымды қолдануға және ластанудың алдын алуға бағытталған стратегиялық міндет.
РКС. Бұл үдеріс заманауи үнемдеу технологияларын енгізу, су объектілерін тазарту, экологиялық заңнаманы сақтау және су шаруашылығын кешенді басқару арқылы жүзеге асады. Ауыл шаруашылығында тамшылатып суаруды қолдану, өндірісте суды қайта өңдеу арқылы тұщы су тұтынуды азайту мәселесі де өзекті. Өндірістік және тұрмыстық сарқынды суларды тазарту құрылыстарын жаңарту, су қоймаларына зиянды қалдықтардың төгілуін болдырмау да маңызды.
СНХ: АСЫЛХАН ТОҢБАЙ, ЕСІЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша судың қара нарығы бойынша да жұмыс жасап жатырмыз. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша 28-ден астам құқық бұзушылық табылып, 5,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар су қорғау аймақтарында инспекцияның келісімінсіз, заңсыз түрде салынған құрылыстар да анықталып жатыр. Ол жұмыстарды құқық қорғау органдары, прокуратурамен атқарып жатырмыз.
РКС: Көкшетау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының зертханасында Қопа көлі мен Қылшақты өзені суының қаншалықты талапқа сай екеніне үнемі тексеріс жүргізіледі. Бұл әсіресе, көктем мезгілі мен қыстың алдында жасалады. Басты мақсат – тіршілік көзінің халық денсаулығына және жануарлар дүниесіне зиянын тигізбеуін қадағалау.
СНХ: ДАМИР САНАҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Басқарма санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг шеңберінде Қопа көлінде, Чаглинка өзенінде және Қылшақты өзенінде бактериологиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштер бойынша су сынамасын алу үшін үш бақылау нүктесін анықтады.Су сынамалары алынғаннан кейін сынамалар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ақмола облысы бойынша сараптамалық комиссиясының «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнының аккредиттелген зертханасына зертханалық зерттеуге жіберіледі. Сәйкес келмейтін үлгілер анықталған жағдайда, Басқарма Көкшетау қаласының әкімдігіне және Ақмола облысының экология департаментіне сәйкес келмейтін үлгілерді дұрыстау бойынша шаралар қабылдау үшін хат жолдайды.
РКС: Су шаруашылығының бас схемасын қолдану арқылы өңірлердің су қажеттілігін кешенді шешу, су ресурстарын мемлекеттік деңгейде бақылау жұмыстары үнемі назарда. Экологиялық мониторниг жасау арқылы жерасты суларының деңгейін және сапасын қадағалау, су қорының сарқылмауын қамтамасыз ету саласына жауапты мекеме бұл бағыттағы тинақтылыққа мұқият болуды көздейді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ., «КӨКШЕ-АҚПАРАТ».