ДИКТОР: Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, тыл еңбеккері Алтай Нұрғасымов биыл тоқсанның төріне шығып отыр. Саналы ғұмырын өңірдің өркендеуіне арнап, ел дамуына елеулі үлес қосқан қадірлі азамат. Әсіресе ауыл шаруашылығының дамуына, жаңғыруына сіңірген еңбегі орасан. Көп жылдық тәжірибесі мен адал еңбегінің арқасында бұл салаға серпін беріп, талай игі істің бастауында болды. Тілшіміз Сәния Есімсейітова қарияның шаңырағына арнайы барып, оның өмір жолы мен естеліктеріне куә болып қайтты.

РКС: Алтай Нұрғасымов 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданына қарасты Қарағаш ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек әрі дарынды болып өскен ол мектеп қабырғасында-ақ үздік оқушылардың қатарынан көрініп, он жылдықты күміс медальмен аяқтады. Омбы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны да үздік тәмамдаған. Қолына дипломын алған жас маман тың игеру жылдары Көкшетау өңіріне жолдамамен келіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном қызметін атқарды.

СНХ: АЛТАЙ НҰРҒАСЫМОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ 11 жыл жаңа совхозда қызмет атқарып, 1972 жылы сол Ленинград ауданында Чистяков совхозында жаңа құрылған сонда директорлық қызметке ауыстым. Сол шаруада 15 жыл қызмет еттім. Жаңа шаруашылық құрылымында неше түрлі мектеп салдық, балабақша, үйлер салдық, астық сақтайтын қалталар салдық. Халықтың әл ауқаты жақсарып үлкен шаруашылық болды. 87 жылы денсаулығыма байланысты совхозды тапсырып элеваторға директорлыққа бардым. Артта қалған, техника технологиясы ескірген сол элеваторда сол аяғынан көтеру үшін 16 жыл істедім.

РКС: Ардагер бос уақытын газет - журнал оқуға арнаймын дейді. Тіпті шабытына ерік беріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен жылдары туралы мақала да жазып тұрады.

СНХ: АЛТАЙ НҰРҒАСЫМОВ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ: Кеше тексеріп отырсам, 30 мақала жазыппын. Мен туралы да мақалалар жазылды. Осы қартаямын ба, қашан енді осы жасқа келем деп есептеген жоқпын. Адамды адам еткен еңбек. Сол біздей өз қатарлы жастар да, өзім де еңбекпен есейдік қарғам. Сол еңбектің арқасында осындай жасқа келдім, Құдайға шүкір. Жаман атанған жоқпыз жұмыс істеген жерде. Есептесем 45 жыл өмірім ауыл шаруасында өткен екен. Жай өскен жоқпын. Халықты, жастарды тәрбиеледік, оқыттық. Оларды маман қылып өсіріп солармен еңбек еттік.

РКС: Қиыншылықтың талайын бастан өткерген ардагер Айсары совхозында агроном болып еңбек еткен жылдары өмірлік серігі Райхан апамен танысады. Тағдыр тоғыстырған қос жүрек берік отбасының іргесін қалап, бүгінде 4 перзент тәрбиелеп өсіріп, олардан тараған 9 немере мен 2 шөберенің қызығын көріп отыр.

СНХ: РАЙХАН НҰРҒАСЫМОВА, АЛТАЙ НҰРҒАСЫМОВТЫҢ ЖҰБАЙЫ: 64 жыл бірге өмір сүріп жатырмыз. Бізде ұрысу, айырылысу деген мүлде болған жоқ. Өз жұмысымызбен жүрдік. Таңертең кетеді, кешке келеді. Мен ол кезде мектепте 2 сменада істеп жүрдім. Реніш дегеннің не екенін білмейміз мүлде. Жаманшылық көрген жоқпыз. Әр уақытта сыйлап жүреміз бір-бірімізді. Магазинге өзім барам, осы уақытқа дейін полторашка көтерген жоқ. Өзім көтеріп әкелемін. Не де болса ауыртпалықты жүрекке түсірмейін, қасымда аман-сау жүрсін деп.

РКС: Алтай Нұрғасымов өмірдің сынағына мойымай, отбасының берекесін сақтап, оны асырау үшін бірнеше жұмысты қатар атқарғанған. Тіпті еңбек демалысына шыққан күннің өзінде өз ісін жалғастырып, табандылығы мен жауапкершілігін таныта білді. Оның маңдай термен келген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бүгінде Алтай Нұрғасымовтың кеудесінде «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» берілген төсбелгілерді қосқанда оннан астам медаль бар. Марапаттың бәрі оның өмір бойғы тынымсыз еңбегінің, адалдығы мен еңбекке деген шынайы сүйіспеншілігінің дәлелі.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ