ДИКТОР: Еуразиялық банк филиалының қызметкерлері Көкшетаудағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасының аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Көгалдандыру акциясын олар медицина қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырды. Медицина мекемесінің аумағы енді жас шыршалармен көркейіп, науқастар үшін жайлы әрі экологиялық тұрғыдан тартымды орта қалыптасты.

РКС: Акцияға қатысушылар аумаққа 20 қылқанжапырақты ағаш көшетін отырғызды. Мұндай экологиялық акциялар мен сенбіліктер мұнда жыл сайын өткізіліп, игі дәстүрге айналып отыр.

СНХ: ЖАНБОТА ДІРКАН, «ЕУРАЗИЯ БАНКІ» АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ КӨКШЕТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Біз Mastercard компаниясымен "Баға жетпес планета" атты акция аясында ағаш отырғызып жатырмыз. Бұл жаһандық акция. Біз барлық қалаулар бойынша ағаш отырғызуды бастадық. Енді өзіңіз білетіндей, облыстық балалар ауруханасының орнын бөлек. Егер де осы бір кішкентай қимылымыз балалардың денсаулығына көмегін тигізсе, бұл ісіміздің оң бағытта екенін сенемін.

РКС: Медицина мекемесінің ұжымы бұл бастаманы қолдап, оның науқастар мен қала тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті. Дәрігерлер жыл сайын аурухана аумағы көркейіп, абаттандырылып келе жатқанын айтады. Ал жасыл желек қоршаған ортаға ерекше жайлылық сыйлайды.

СНХ: ВАЛЕРИЙ ДЕБЕЛО, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің аурухана аумағында мұндай көшеттерді отырғызу алғаш рет емес, бұл бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Бұл бастама ауаның сапасын жақсартуға оң әсер етеді. Тек аурухана аумағына ғана емес, қала мен облыс экологиясына да пайдасын тигізіп, балалардың денсаулығы мен эмоционалдық жағдайына жағымды әсер қалдырады. Аурухана аумағында осындай әдемі, жасыл аймақтың болғаны ата-аналар үшін де қуанышты көрініс.

РКС: Экологиялық акция Mastercard-тың «Баға жетпес планета» халықаралық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Аталған шара әлем бойынша 150-ден астам ұйымды біріктіріп, ормандарды қалпына келтіру мен климаттың өзгеруіне қарсы күресті мақсат етеді. 2030 жылға дейін 100 миллион түпке дейін ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Еуразиялық банк» өз экологиялық жобаларын да дамытып келеді. Арнайы банк картасын пайдалану арқылы жиналған бонус қаражатының бір бөлігі көгалдандыру мен табиғатты қорғау бастамаларына бағытталады. Банк қызметкерлері үшін мұндай экологиялық шараларға қатысу корпоративтік міндет қана емес, сонымен қатар болашаққа қосылған үлес әрі ортақ құндылық болып отыр.

МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ