ДИКТОР: 28 сәуірде бүкіл әлемде жыл сайын дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аталыпп өтіледі. Ақмола облысында жыл басынан бері облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментіне 700-ден астам арыз-шағым түскен. Оның бәрі еңбек қатынастарының бұзылуына қатысты. Өндірісте 20-дан астам адам зардап шегіп, оның төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Аймақтың 100 кәсіпорнына тексерулер жүргізілді. Бүгінде адам факторы қандай роль атқарады? Еңбек қауіпсіздігіне деген тәсілдер қалай өзгеріп жатыр? Томирис Идрисованың материалында.

РКС: Еңбекті қорғау — ақаусыз жұмыс істеуі тиіс жүйе. Өйткені мұнда жіберілген қателіктің құны қашан да тым жоғары. Жыл басынан бері өңірде 24 адам зардап шеккен. Оның төртеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. 18 адамның денсаулығына ауыр зиян келген. Жалпы 22 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл сандар – жай ғана статистика емес. Әрқайсысының артында адамның тағдыры тұр.

СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жыл басынан бері бізге 750–760 арыз-шағым келіп түсті. Оның барлығы тек еңбек қатынастарының бұзылуына қатысты. Жалақыны уақытында төлемеу, кешіктірі, тәртіптік жазамен келіспеу, жұмыстан босату мәселелері еңбек қатынастарын бақылау бөліміне қатысты. Біз өңірдегі жүз кәсіпорында тексеру жүргіздік. 150 құқық бұзушылық анықталды. Еңбек заңнамасын бұзған лауазымды тұлғалар мен басқа да жауапты адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 14,5 миллион теңге.

РКС: Бұл жүйеде әрбір тараптың жауапкершілігі айырықша маңызды. Дәл осы өзара байланыс шынайы, қағаз жүзінде емес, нақты қауіпсіздіктің қалыптасуына негіз болады. Бүгінде еңбекті қорғау саласындағы заманауи көзқарас біртіндеп алдын алу шараларына ойысып келеді. Ендігі мәселе тек заң бұзушылықтарды анықтауда ғана емес, сонымен қатар талаптардың не үшін маңызды екенін терең түсіндіруде жатыр.

СНХ: УАҚЫТ БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Министрлік бізге айыппұл көлемін арттыру міндетін қойып отырған жоқ. Министрлік пен министрдің ұстанымы айқын, еңбек заңнамасы қаншалықты аз бұзылса, департаменттің жұмысы соншалықты тиімді деген сөз. Ал заң бұзушылық көбейсе, жұмыста кемшілік барын көрсетеді. Яғни, біздің негізгі міндетіміз — ең алдымен еңбек заңнамасы талаптарының бұзылуына жол бермеу.

РКС: Еңбек қауіпсіздігі — қағаздағы ережелер жиынтығы ғана емес. Бұл – күнделікті таңдау. Заңдылықтарды сақтау, тексеру. Елеусіз қалдырмау. Ең қарапайым әрі маңызды қағида — ұқыптылық пен жауапкершілік. Осы қағидаттар мүлтіксіз орындалса, онда қауіптілік те сейіледі.

ТОМИРИС ИДРИСОВА, СӘНИЯ ИДРИСОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ