ДИКТОР: Аймақта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, кәсібін ашқандардың саны артқан. Ауыл тұрғындары мал бордақылау, сүт өнімдерін өндіру сынды бағыттарды қолға алып, шағын кәсіпкерлікті дамытып келеді. Аграрлық бағыттағы аймақта, әсіресе мал шаруашылығына деген сұраныс жоғары. Былтырдың өзінде 31 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылып, 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Жұмыс істеймін деген адамға - мүмкіндік көп. Бұған Зеренді ауданының тұрғыны - Болатбек Тәшімовтің тәжірибесі дәлел. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған ол, бүгінде шаруашылығын кеңейтіп, тұрақты табыс көзін қалыптастырған. Қазір қожалықта ірі қара, қой және қажетті ауыл шаруашылығы техникалары бар. Бастысы - бұл тек бір отбасының ғана емес, үш ағайындының нәпақасына айналған кәсіп.
СНХ: БОЛАТБЕК ТӘШІМОВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 2025 жылдың аяғында «ауыл аманаты» бағдарламасы арқасында несие алдық – 31 млн. Оған 14 бас қара мал алдық, 60-тан астам қой алдық, оның үстіне трактор алдық, погрузчикпен. 2,5 пайыздық несиесімен, жем-шөп ішінде алдық. Өзіміз үш ағайындымыз. Соны ары қарай дамытамыз. Көпшілікке, халыққа айтарым осылай іс бастағысы келетін адамдарға мүмкіндік көп.
РКС: «Ауыл аманаты» бағдарламасы - ауыл тұрғындарына өз кәсібін дамытуға берілген зор мүмкіндік. Аталған жоба аясында азаматтар жеке ісін бастап, кооператив құрамында жұмыс істеу үшін жеңілдетілген несие рәсімдей алады. Бағдарлама шарттары да қарапайым әрі қолжетімді. Пайыздық мөлшерлемесі төмен, ал негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін.
СНХ: ІЛИЯС ЖҮСІПОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 2,5 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 300-ден астам жеңілдетілген несие беріліп, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Мал шаруашылығына басымдық беріледі. Дегенмен, қайта өңдеу мен басқа да кәсіп түрлеріне де өтінімдер түседі. Қазір аймақта аталған бағдарлама аясында құрылған 50-ден астам кооператив кәсібін табысты жүргізіп келеді.
РКС: Жыл сайын бөлінетін қаржы көлемінің ұлғайғанын ескерсек, жобаға қатысуға ниетті тұрғындардың қатары да артып келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын бастау алған бағдарламаға бастапқыда 1,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 8,4 миллиард теңгеге жеткен. Қазірдің өзінде мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Осылайша, игі жоба ауылдағы ағайынның табысын арттырып, өңір халқының тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі серпін беріп отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ