ДИКТОР: Көкшетауда «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының ІІ кезеңі өтті. Олимпиаданың алғашқы кезеңінде 2500-ден астам оқушы прокторинг жүйесі арқылы өз мектептерінде қашықтан тест тапсырды. Нәтижесінде 130-ға жуық оқушы іріктеліп алынды. Енді міне, үздіктер сынға түсетін екінші кезең басталды. Бұл кезең Көкшетау, Астана және Атбасар қалаларында Ұлттық тестілеу орталығы базасында онлайн форматта өткізілді.
РКС: Олимпиаданың екінші кезеңі облыс аумағындағы негізгі 3 локацияда өтіп жатыр. Қатысушылар өздерінің тұрғылықты жеріне жақын орналасқан тестілеу орталықтарына шоғырландырылған. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында – 24, Астана қаласында – 92, ал Атбасар қаласында – 11 оқушы білім бәсекесіне қатысуда.
СНХ: ЕРКІН ОРАЗОВ, ОБЛЫСТЫҚ «АҚМОЛА ДАРЫНЫ» ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР МЕН ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Мың бала» олимпиадасы өз бастауын 2020 жылдан алады. Бұның негізгі мақсаты – бізді ауыл мектептері мен қала мектептерінің қашықтықтарын жақындату және бұл олимпиада ауыл мектептерінің балаларына үлкен мүмкіндік береді. Себебі бұл екінші кезеңнен өткен жеіңімпаз аттанған оқушылар біздің Қазақстанның кез келген дарынды балалардың мамандандырылған мектептерге конкурссыз түсе алады.
РКС: Олимпиадаға ауыл мектептерінің 6-сынып оқушылары қатысуда. Бұл кезең – балалардың қабілеті айқындалып, білімге деген қызығушылығы тереңдей түсетін шақ. Сол себепті ұйымдастырушылар олардың табиғи дарынын дер кезінде анықтап, әрі қарай дамытуға бағытталған қолдау көрсетуге ерекше назар аударады.
СНХ: АРМАН СҰЛТАНАЛИН, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ: (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): Мен Зеренді ауданынан, Ақкөл мектебінен келіп тұрмын. Осы «Мың бала» олимпиадасы ауыл мектептеріне, ауыл оқушыларына үлкен мүмкіндік ашады. Көп оқушылар өз білімін көрсетіп, басқа мемлекеттерге бара алады. 1 турда бізде 3 пән болған ол математика, қазақ-тілі және жаратылыс тану. Бізге 20 сұрақтан беріледі, біз 1сағатта орындау керекпіз. Ал, 2 турда бізде 5 пән ол математика, ағылшын, жаратылыс тану, қазақ тілі.
РКС: Олимпиадаға қатысу тегін. Жобаның ұйымдастырушылары – «El Umiti» корпоративтік қоры мен Оқу-ағарту министрлігі. Ал жергілікті деңгейде ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарына облыстық білім басқармасы мен «Ақмола дарыны» орталығы жауапты. Білім додасы еліміздің білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес өткізіледі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ