ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірде 124 нарко құқық бұзушылық анықталды. 11 есірткі таратушы ұсталған. Олардың арасында бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Ал интернет алаяқтықтың статистикасы көңіл көншіптейді. Осы ретте құзырлы органдар профилактикалық шараларды жалғастырып келеді. Аймақта жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Құқықтық сағат» жобасы жалғасуда. Оның аясында бүгін Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттерімен кездесу өтті.
РКС: Былтыр аймақта интернет алаяқтықтың 275 дерегі тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш небәрі 4 айдың ішінде өткен жылдың бір жылдық статистикасына тең. Алаяқтардың арбауына көбіне жеңіл жолмен ақша табуға ұмтылған жастар түсіп, заңсыз әрекеттерге тартылып жатады. Дегенмен сала мамандары бүгінгі жастардың құқықтық сауаттылығы артып келе жатқанын айтады. Бұл ретте осындай профилактикалық шаралардың маңызы зор.
СНХ: ЕҢЛІК БОЛАТ, А.МЫРЗАХМЕТОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Мысалы сіздің карточкаңыза келіп, саған ақша аударайын деп айтады, сен оны маған қолма-қол қылып шығарып бер дейді. Сондай жағдайда жастар алданып қалады. Бұл интернет алаяқтықтың бір түрі. Және дипфейк деген бар, сіздің бет әлпетіңізді қолдану арқылы атыңыздан ақша сұрайды. осындай алдын алу шараларын жүргізу біз үшін маңызды.
РКС: Мамандар жасөспірімдер арасында ерте жыныстық қатынас пен ерте жүктілік мәселесіне де алаңдаулы. Себебі мұның салдары түрлі әлеуметтік және психологиялық қиындықтарға алып келеді. Қазірдің өзінде 30-ға жуық жасөспірім жүктілік бойынша есепте тұр. Сондықтан бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет,-дейді.
СНХ: ГҮЛНӘР ЖАНБЕКОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША УӘКІЛІ: Бірінші тоқсанда кәмелетке толмағандар арасында 8 қыз бала босанса, 4 жүктілікті үзу фактісі тіркелді. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған 29 қыз бала жүктілік бойынша есепте тұр. Жалпы, бүгінгі кездесуде жастарға заң талаптары түсіндіріліп, олардың арасында жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, есірткі қылмысы, буллинг, сталкинг және киберқауіпсіздік тақырыптары қамтылды.
РКС: Кездесу барысында құзырлы органдар ашық диалог форматында заңнама талаптарын түсіндіріп, жастарға құқық бұзушылықтың салдары туралы жан-жақты ақпарат берді. Арнайы бейнероликтер көрсетіліп, нақты мысалдар арқылы сақтық шаралары түсіндірілді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ