ДИКТОР: «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Бейбітшілік – басты құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайту, құқықтық мәдениетті арттыру, сондай-ақ дауларды өркениетті жолмен шешудің тиімді тетіктерін кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.

РКС: Жиынға Медиация кеңесі мен медиация орталығының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, прокуратура мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ жастар қатысты. Қатысушылар бейбітшілік пен өзара құрметке негізделген қоғам қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Медиация – тек дау-жанжалдарды шешудің құралы ғана емес, сонымен бірге азаматтар арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтудың тиімді жолы,-дейді мамандар.

СНХ: ГҮЛНӘР МӘДИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕДИАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің кәсіби медиаторлар ретіндегі басты мақсатымыз – дауды сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы шешу. Яғни бізде сотқа дейінгі медиация, сот барысындағы медиация түрлері бар. Бұл – біздің қоғам, әсіресе қақтығыстарға жиі ұшырайтын жастар үшін өте маңызды. Бүгінгі дөңгелек үстелге жоғары оқу орындарынан студенттер қатысты. Олардың тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, «қақтығысты қалай шешуге болады, қайда жүгінуге болады?» деген мәселелер кеңінен талқыланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында медиация кабинеті жұмыс істейді. Онда кез келген азамат тегін түрде барып, кәсіби кеңеспен қатар, өз мәселесін бейбіт жолмен шеше алады.

РКС: Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес ұлттық және әлеуметтік алауыздықты қоздыру әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны ескертілді. Мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Осыған байланысты жастарға заң талаптарын қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және елдегі тұрақтылық пен келісімді нығайтуға белсенді атсалысу қажеттігі де сөз етілді.

СНХ: ТОҒЖАН ЖҰМАДІЛЛАЕВА, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Адам ешкімге тәуелді болмай, өз ойын еркін жеткізіп, өз пікірімен өмір сүре алса – бұл, әрине, өте жақсы. Алайда өз құқығын қорғай алмай, оның тапталуына жол беру – ақталмайтын әрекет. Сондықтан медиатордың көмегі барлық жағдайда қажет болмауы да мүмкін. Дегенмен медиатор – кез келген даулы жағдайда эмоцияға берілмей, мәселені салқынқанды түрде қарай алатын, ешбір тараптың мүддесіне тәуелді емес маман. Сол себепті оның қызметі көптеген жағдайда маңызды роль атқарады. Сонымен қатар әрбір азамат өз құқықтарын біліп, оларды қорғай алуы тиіс. Өзгенің де құқығын құрметтеу – әркімнің жеке міндеті.

РКС: Жиын соңында оған қатысушылар бейбітшілік пен келісім - қоғам дамуының басты тірегі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін жеткізді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ