ДИКТОР: Көкшетауда 30-шы халықаралық ғылыми-тәжірибелік «Шоқан оқулары - 2026» конференциясы өтті. Биылғы басқосуда әлемнің әр түкпірінен келген ғалымдар жасанды интеллект дәуіріндегі ғылым мен білімнің даму бағытын талқылады. Конференцияның басты ерекшелігі –бұрын пікірталас тек бір тақырып төңірегінде өрбісе, бұл жолы алаңда ғылымның сан түрлі саласындағы тың зерттеулер мен жаңа ғылыми жаңалықтар ұсынылды.
РКС: Конференцияға қатысушылардың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, биылғы жиынға Эстония, Канада, АҚШ және Башқұртстан елдерінен арнайы 11 шетелдік ғалым келген. Солардың бірі – Канададан келген профессор Роберт Ли Уильямсон. Ол ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті орта қалыптастыру жөніндегі зерттеуін әріптестеріне таныстырды.
СНХ: РОБЕРТ ЛИ УИЛЬЯМСОН, SIMON FRASER UNIVERSITY БІЛІМ БЕРУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ /КАНАДА/: Мен Шоқан Уәлиханов атындағы университет жанындағы инклюзия институтымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеймін. 30 жылдан астам мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеп келемін. Сонымен қатар, әлемнің әртүрлі елдерінде инклюзивті ортаны дамытуға атсалысып жүрмін. Бұл конференцияға қатысу - мен үшін үлкен мәртебе. Шоқан Уәлиханов туралы көп мәлімет алдым. Оның өмір жолы мен еңбектерінен ерекше әсер алдым. Осындай тұлғалардың жолын жалғастырып, тәжірибе бөлісу – аса маңызды.
РКС: Конференцияға 400-ге жуық қатысушы қатысқан. 360-тан астам ғылыми бағыттар бойынша мақала келіп түсті.
СНХ: АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Келесі жылы университетімізге 65 жыл толады. Оның жарты ғасырлық тарихы дәл осы «Шоқан оқуларымен» тығыз байланысты. Биыл Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтарынан ғалымдар келді. Атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынов атындағы ғылыми-зерттеу институты, Ғылым академиясы, сондай-ақ Назарбаев университетінің зерттеушілері қатысып отыр. Біз бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеміз. Әсіресе, шетелдік серіктестеріміздің қатысуына ерекше мән береміз. Биылғы конференция жасанды интеллектті ғылымның түрлі салаларында қолдану бағытына арналады.
РКС: «Шоқан оқулары» алғашында республикалық деңгейдегі жоба ретінде басталған еді. Қазір болса ауқымы кеңейіп, халықаралық мәртебеге ие. Башқұртстан Республикасынан келген профессор Рим Валиахметов зерттеуін қазақстандық әлеуметтану мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқан ғалым Нариман Айытовтың ғылыми мұрасына арнады. Айтуынша, ғылыми дәстүрлер сабақтастығы - екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің берік негізі.
СНХ: РИМ ВАЛИАХМЕТОВ, УФА ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ (БАШҚҰРТСТАН): Университет басшылығына және Көкшетау университетіндегі әріптестерімізге осындай ірі ғылыми алаңға шақырғаны үшін үлкен алғысымды білдіремін. Башқұртстан мен Қазақстанды терең тарихи, мәдени, рухани және адами байланыстар біріктіреді. Бұл конференцияға зор ықыласпен келдім. Біздің башқұрт ағартушылары мен ойшылдары Қазақстанда еңбек етіп, елдеріміздің бірге дамуына үлес қосқан. Сондықтан алдағы уақытта да Башқұртстан мен Қазақстанның ғылым, мәдениет және адами қарым-қатынастар бағытындағы тығыз ынтымақтастығы жалғасатынына сенімдімін.
РКС: Айта кетейік, конференцияда ұсынылған ғылыми мақалалар электронды жинаққа енгізіледі. Қатысушылардың зерттеу жұмыстарымен Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің ресми сайтында танысуға болады.
ОКСАНА ЗИНЧЕНКО, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ