ДИКТОР: Көкшетауда әлеуметтік инфрақұрылым тағы да нығая түспек. Бүгін аймақ басшысы Марат Ахметжанов құрылысы жоспарланған екі бірдей маңызды нысанның іргетасына уақыт капсуласын қалады. Бұл – аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Облыс әкімі Марат Ахметжанов «Integra construction» серіктестігінің өкілдерімен жаңа спорт нысаны іргетасының алғашқы кірпішін қалады. Заманауи арена 10 мың көрерменге лайықталып, UEFA талаптарының IV санатына сай салынбақ. Жабық форматтағы бұл кешенде алдағы уақытта тек футбол матчтары ғана емес, түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылады. Құрылысты 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқтау көзделіп отыр.
СНХ:МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Енді бұл Президенттің тікелей тапсырмасы өздеріңіз білесіздер. Осы ресми сапармен келген кезде, Көкшетау қаласына бір жақсы заманауи спорт кешені керек деп үлкен футбол стадионы. Сондай бір тапсырма берген. Соны пысықтап, жанжақты жобаны жасап, мердігер тауып, бүгін енді сол жобаның іске асу күні болып тұр. 2028 ші ойын маусымын «Оқжетпес» құрамасы сол үлкен спорт стадионында бастайды.
СНХ: ӘЛІБЕК ҚАЙРОЛЛА, «INTEGRA CONSTRUCTION» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазір жоба әзірлеу кезеңі жүріп жатыр. Сонымен қатар, толыққанды кеңес алу үшін UEFA өкілдерін тарттық. Жобалық шешімдер солармен бірлесіп келісілуде. Жаңа стадион 10 мың көрерменге шақталып, Сарыарқа шағын ауданында заманауи талаптарға сай бой көтермек. Жоба аясында аталған аумақ толықтай жаңартылып, жаңа ген-план негізінде дамытылады. Болашақ спорт нысаны халықаралық деңгейдегі стандарттарға, соның ішінде UEFA талаптарына толық сәйкес салынбақ.
РКС: Сондай-ақ бүгін халықаралық бренд – «Wyndham» қонақ үйі іргесінің алғашқы кірпіші қаланды. Аталған қонақүй кешені инвестордың меншігіндегі жер телімінде бой көтереді. Жобаның аумағы 2,5 мың шаршы метр. Қонақүйде 54 нөмір қарастырылған. Құрылыс жұмыстарының өндірістік кестесіне сәйкес, негізгі жұмыстар мамыр айының басында басталады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: АМАНГЕЛДІ ӘКІМОВ, «RAISA CAPITAL» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: Жобаның ресми аяқталу мерзімі келер жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Бірақ инвесторлар бұдан да жоғары межені көздеп отыр. Келесі жазда қонақүйді іске қосу міндеті қойылған. Жоба аясында 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылып, өңірдегі жұмыспен қамтуға серпін бермек. Құрылыс барысында мердігер компания өз техникасын толық жұмылдырып, қосымша білікті мамандарды тартпақшы. Қаржыландырудың жартысы компанияның меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етілсе, қалған бөлігі Даму қоры мен «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламалары аясында іске асырылуда. Сонымен қатар Halyk Bank-пен тиісті келісімдер жасалып, барлық құжаттар рәсімделген. Жоба бастауға толық дайын.
РКС: Бұдан кейін аймақ басшысы бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы Оразбек Асылқұловқа екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Өңір намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап, ел мерейін асырған спортшыға әкім жылы лебізін білдіріп, алдағы жарыстарда да толағай табыс тіледі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ОРАЗБЕК АСЫЛҚҰЛОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЖӘНЕ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ: Азия чемпионаты осы жылы өте жоғары деңгейде өтті. Азия чемпионатында төрт жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетіп, Азия чемпионы болдым. Осы жылы ең маңызды ол Азия ойындары. Соған тыңғылықты дайындаламыз.Бүгін маған пәтер кілтін де табыстады. Облыс басшысына алғысым шексіз.
РКС: Облыс әкімі әлеуметтік нысандарды аралау барысында жаңа жағалаудың да жай-күйіне назар аударды. Жаңа жағалау заманауи талаптарға сай толықтай жаңғыртылмақ. Жоба аясында аумақ көгалдандырылып, жағалау жаңаша сипатқа ие болады.
СНХ:АРМАН ӘЛНАЗАР, «ENVIKON» CЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС СӘУЛЕТШІСІ: Қазіргі жағалау қанағаттанарлықсыз күйде. Бірақ инфрақұрылым толық жаңартылып, жаңа жабын төселеді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жайлы отыратын орындар орнатылады. Сондай-ақ, шомылушылардың қауіпсіздігін арттыру үшін бақылау алаңдары салынып, киім ауыстыру кабиналары мен душ бөлмелері қарастырылады. Бұдан бөлек, заманауи талаптарға сай келетін модульді әжетханалар мен спорттық алаңдар да салынатын болады.
РКС: Сондай-ақ, бүгін Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубы Қазақстан Кубогының 1/8 финалында елордалық «Жеңіс» командасымен кездесті. Тартысты өткен матчта жерлестеріміз 2:3 есебімен қарсыласына жол берді. Қайсар ойын көрсеткен «Оқжетпес» құрамасы соңына дейін күрескенімен, бұл жолы жеңіс қонақтардың еншісіне бұйырды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ