ДИКТОР: Көкшетауда қалалық көркемөнерпаздар байқауы өтті. Биыл елімізде Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған орай, байқаудың салтанатты ашылу сәтінде композитордың «Ақ көгершін» әні хор ұжымының орындауында шырқалды. Шара барысында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткері Төлеу Сүлейменов ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Осылайша, байқау бір жағынан өнер мерекесіне айналса, екінші жағынан тарихи тұлғаларға құрмет көрсеткен тағылымды шара ретінде есте қалды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мәдени шараға «Ақ кимешек» шеруінің қатысушылары, қолданбалы қолөнер шеберлері және шаhардағы білім ордаларының студенттері белсене қатысты. Алаңда ұйымдастырылған сәндік-қолданбалы қолөнер көрмесінде шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдар мен суретшілердің көркем туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы барабаншылардың жігерлі көрінісімен түріліп, кейін домбырашылар ансамблінің күмбірлеген күйлерімен жалғасты.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Байқауға қаланың көркемөнерпаздар ұйымдары, 70-ке тарта ұжымдары қатынасып отыр. Үлкен көңіл күймен, жақсы дайындықпен келдік деп ойлаймыз. Сондықтан сәттілік тілейміз. Қалада неше түрлі өнер түрлерімен айналысатын ұжымдар көп қой, қаланың әр бұрышында бар. Солардың бәрі де осы үлкен байқауға өз таланттарын көрсетуге, өз өнерлерін көрсетуге, өздерінің жаңалықтарын көрсетуге тырысуда. Осы байқаулар жаңа өнерпаздарды таныстырады, танымалдыққа әкеледі. Сондықтан жаңа таланттардың көзін ашуға осы байқаудың үлкен әсері болады деген ойдамыз.
РКС: Бұл күні мәдениет сарайының сахнасы нағыз өнер ордасына айналды. Өнер көрсеткендердің қатарында қазақ халық аспаптар оркестрі мен әскери үрлемелі оркестр, 20-дан астам ансамбль, 10 би ұжымы, 8 вокалдық және 6 хор тобы бар. Қатысушылардың ішінде 14 шығармашылық ұжымға «Халықтық» және «Үлгілі» құрметті атақтары берілген. Солардың қатарында Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің әйел оқытушыларынан құралған «Назерке» халықтық хоры да өнер көрсетті. 20 жылдан астам тарихы бар бұл өнер ұжымы бүгінде сахна төрінде ұлттық өнерді дәріптеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
СНХ: ӘСЕЛ ШАЙРАХМЕТОВА, «НАЗЕРКЕ» КАМЕРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі байқауда біз Құрмет Сақайдың әніне жазылған «Қарайлама қарағым» атты ән орындап жатырмыз. Байқау өте керемет өтіп жатыр. Ұйымдастыру өте керемет. Жалпы бұл байқаудың деңгейі өте жоғары десем болады. Бұл байқауға біз 20 жылдан астам қатысып келеміз. Әр жыл сайын қатысамыз. Облыстық деңгейде жүлделі орындар алып жатамыз, лауреат атағымыз бар.
РКС: Сахна төрінде орындалған ұлттық әуендер мен билер кештің сәнін келтіріп, көрермен қошеметіне ие болды.
СНХ: АЗАМАТ МАҒАУИН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Көрмесі бар, одан алды қарсы алған көркемөнерпаздар, домбыра шертуі бар, жақсы бір тамаша концертпен жалғасып кетті. Менің ойымша өте жақсы, жоғары деңгейдегі концерт. Жақсы, керемет байқау. Өнеріміздің жан-жақты қырлары көрсетіліп, бүлдіршіндер бар, жоғары, орта буындар бар,апаларымыз бар есік алдында қарсы алған, өте жақсы бір ұштасқан керемет концерт болды.
РКС: Байқауға белсене қатысқандарға облыстық мәдениет басқармасы басшылығының атынан Алғыс хаттар табысталды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ