ДИКТОР: «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері Зеренді ауданында «Жолдағы қабылдау» акциясын өткізді. Ауқымды шараның курортты аймақта ұйымдастырылуының да өзіндік себебі бар. Құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы ашық диалогқа арналған орын туристік әлеуетіне байланысты ғана таңдалып алынған жоқ. Бұл өңірде жол-көлік оқиғалары саны да біршама артқан.
РКС: Акция барысында процессинг орталығының мамандары азаматтарға көлік құралдарын тіркеу және нөмірлік белгілерді алу мәселелері бойынша кеңес берді. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, құқық бұзушылықтардың құқықтық салдары туралы айтып, интернет алаяқтық пен дропперлік тақырыптарын қозғады. Бұдан бөлек, оқушыларға Ішкі Істер Министрлігі жүйесінің оқу орындарына түсудің мүмкіндіктері таныстырылды. Облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев кездесуге қатысушыларға жол-көлік оқиғаларының алдын алу туралы баяндады.
СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Іс-шара барысында полиция қызметкерлері азаматтарды қабылдап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, балалар жарақатының алдын алу, көші-қон заңнамасы, қоғамдық қауіпсіздік, сондай-ақ интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін де айттық. Курортты аймақтың тұрғындары мен қонақтарына заңнаманы сақтау және жеке қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
РКС: Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған түрлі сауалдарын жолдады. Негізінен Зеренді–Көкшетау учаскесіндегі жолдардың жағдайы мен жөндеу жұмыстарына қатысты мәселе сөз болды. Іс-шара соңында белсенді азаматтық ұстанымы үшін ауданның 13 тұрғыны марапатталды.
ТОМИРИС ИДРИСОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ