ДИКТОР: Ел дамуына қарқынды үлес қосып жатқан бағыттың бірі сауда экономикасы. Өткен жылдан бері 460-қа жуық жобаға 67 млрд. теңгеден астам субсидия берілген. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 10 млрд теңге қарастырылып отыр. Ақмола облысы бойынша 2,7 миллиард теңгенің 17 жобасы мақұлданды. Оның ішінде 7 инвестициялық жоба, ал 10 жоба айналым қаражатын толықтыруға бағытталған. Осы және басқа да мәселелерді талқылау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Жиында кәсіпкерлер нарықты реттеу тетіктерін жетілдіру мәселелерін көтерді.
РКС: Алғашында пилоттық режимде қарастырылған тауардың сауда үстемесі 15 процентке өсіру жобасы күшіне енді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін тасымалдайтын және саудалайтын кәсіпкерлер сауда үстемесінің өсуі бизнеске кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Олардың пікірінше, бұл бағаның қымбаттауына, бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуіне және шағын кәсіпорындар шығынының артуына әкеледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлер тасымалдау мен сақтау шығындарының толықтай өз есебінен өтелетінін де атап өтті.
СНХ: НҰРЛАН СЕКСЕНБАЕВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР: 15% үстеме біздегі барлық шығынды жаппайды. Бұл шығындардың қатарына өнімді өндіруші зауыттан біздің қоймаға жеткізу, қоймаға түсіру және сақтау шығындары кіреді. Сонымен қатар, қойма қызметі, сауда өкілдерінің жұмысы да бар. Олар сауда нүктелерінен тапсырыс жинайды және осы қызметі үшін табыс табуы керек. Бұдан бөлек, экспедиторлар мен жүргізушілердің еңбекақысы тағы бар. Онымен қоймай, тауарды сауда нүктелеріне жеткізу және қажет болған жағдайда оны ауыстыру шығындары қосылады. Егер өнімнің қаптамасы бүлінсе, жарамдылық мерзімі өтіп бара жатса немесе тауарлық түрі бұзылса, оны қайтадан ауыстыруға тура келеді. Осы аталған шығындардың барлығы 15 процент үстеме аясында өтелмейді, бұл нақты шығындарды толық жабуға жеткіліксіз.
РКС: Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Енді қосымша құн бағасымен қоса логистика және тауарды сақтау шығыны да ескерілмек. Дегенмен, бұл шығындар міндетті түрде тиісті құжаттармен расталуы тиіс. Барлық атқарылатын жұмыс жауапты мамандардың жіті бақылауында екенін де ескертті.
СНХ: ЕРНҰР ЖӘУТІКБАЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРЛІГІ САУДА КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Тиісті құжаттар талап етіледі. Қазір жүйені автоматтандыру жұмысы жүріп жатыр. Біз сіздердің логистикаларыңызды, қоймаларыңызды және коммуналдық қызметтерге қанша төлейтініңізді көріп отырамыз. Егер сауда заңнамасын бұзу қаупі анықталса, тиісті материалдар қарауға жіберіледі. Біздің аумақтық департаменттер Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес қажетті жұмыстарды жүргізіп, тексеруді тіркейді және сіздерді шақырады.
РКС: Сауда экономикасына енгізіліп жатқан цифрландыру жүйесі нарықтағы ашықтықты арттыруға бағытталған. Бұл жауапсыз делдалдардың тарапынан бағаны негізсіз өсіру фактілерін тұсаулауды көздейді. Наурыз айынан бастап елде сауда заңнамасын бұзған 2 мыңнан астам кәсіпкер анықталып, оларға 78 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Мамандар бақылауды күшейтіп, цифрлық жүйелер арқылы сауда тізбегіндегі заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстарының жалғасатынын мәлімдеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ