ДИКТОР: Қазақстан халқының бірлігі күні – жыл сайын 1 мамырда атап өтілетін мемлекеттік мереке. Бұл күн елімізде 1996 жылдан бері тойланып келеді. Айтулы мерекеге орай Көкшетауда «Достық добы» бірінші қайырымдылық волейбол турнирі ұйымдастырылды. Оған өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың өкілдері қатысып, өзара бақ сынасты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Атаулы мереке – бейбітшілік пен татулықтың, достық пен өзара түсіністіктің символы. Бұл күн көпұлтты Қазақстан халқын біріктіруге, ортақ құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған. Мейрам 1995 жылдың 18 қазанында Президент Жарлығымен бекітілген. Содан бері облыстың барлық өңірінде тұратын этностар арасында түрлі мәдени шаралар, фестивальдер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Ал биыл алғаш рет спорттық бағыттағы шара ретінде волейбол турнирі өткізілуде.
СНХ: ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда бізде 10 команда қатысады. Негізі турнир өте тартысты өтіп жатыр. Осы турнирдің басты мақсатымыз – Қазақстан халқын біріктіру, этностарға бөлмеу, достық, бірлік қағидаттарын насихаттау.
РКС: Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты әрі қызықты ойын өрнегін паш етті. Волейбол алаңында әр ұпай үшін қызу күрес жүріп жатты. Қатысушылар допты шебер қабылдап, дәл соққылар жасап, командалық үйлесімділіктің озық үлгісін көрсетті. Әрбір ойын сәті шиеленіске толы болып, жанкүйерлердің қолдауымен ерекше атмосфера қалыптасты.
СНХ: ӘСЕЛ МОЛДАХМЕТОВА, АНАЛАР КЕҢЕСІ КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Ойындар қызықты әрі тартысты өтуде. Біз этномәдени ұйымдардың командаларымен бақ сынасып жатырмыз. Әр команда ұлттар бойынша бөлінген. Біз бірінші ойынды қазақтар командасымен ойнадық. Ал екінші командамыз неміс этномәдени бірлестігінің командасымен ойнайды. Барлық ойындар өте белсенді, қызықты әрі тартысты өтуде. Біздің көпбалалы аналарымыз тыңғылықты дайындалып келді. Жеңіске жетеміз деп сенеміз, өйткені аналардың күші – жүректе, рухта және мейірімде.
СНХ: АЛМАСБЕК МҰРАТБЕКҰЛЫ, «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ КОМАНДА КАПИТАНЫ: Қазіргі уақытта біз «Аналар» қоғамдық бірлестігіне қарам-қайшы ойнап жатырмыз. Ол кісілер жақсы дайындалыр келген. Өте қарқынды өтіп жатыр, тартысты өтіп жатыр ойын. Келесі ойын бізде «Манас» командасымен шығамыз. «Манас» командасына қызу дайынбыз. Ойын барысында қарсылас командада барлық 6 ойыншы да әйел адамдар, бізде 4 ер адам, екі әйел адам болғандықтан біз оларға қатты соқпай, қатты күшімізді салмай бір уровеньда ойнап жатырмыз. Қазіргі таңда жеңіп жатырмыз, бірінші таймда 14/7 есебімен жеңдік. Қазір бізде екінші тайм болып жатыр. 15-ке дейін ойнаймыз. 11/4 есебімен біздің команда алда келе жатыр.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік командаларға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды. Бас жүлде «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің командасына бұйырды. Күміс жүлде «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігіне табысталды. Ал, қола жүлдені «Вайнах» шешен-ингуш қоғамдық бірлестігінің командасы иеленді. Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан жиналған қаражат қайырымдылық мақсатқа бағытталатыны атап өтілді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ