ДИКТОР: Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің отырысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты бірнеше тәртіптік іс қаралды. Кеңес мүшелері Қорғалжын ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мен Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылдық округінің әкіміне қызметтік тексеру нәтижелерін талқылады. Тілшіміз Мөлдір Елемесова баяндайды.
РКС: Тексеру деректеріне сәйкес, даудың басы білім саласы қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселесінен басталған. Жекеменшік балабақша қызметкерлері, сондай-ақ лаборанттар мен тәрбиешінің көмекшілеріне төлем жүргізілмеген.
СНХ: ГҮЛМИРА САҒАДИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қызметтік тексеру барысында бөлім басшысы Дүйсенбаева аудандық прокуратурасының уәждерімен келіспейтінін түсіндірді, себебі төлемдер Ақмола облыстық мәслихатының 2020 жылдың 18-ші маусымындағы № С6-45 шешіміне сәйкес жүргізілген. Сондай-ақ Дүйсенбаева жекеменшік балабақшаларда жұмыс істейтін мамандарға заңсыз төлемдер жасалды деген ұсыныс уәждерімен де келіспейді. Оның пікірінше, аталған құжатта мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының педагогтары деп бөлінбейді, сондықтан ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін барлық педагог қызметкерлерге, ұйымның меншік нысанына қарамастан, төлемдер жүргізілуі тиіс.
РКС: Сондай-ақ кеңес Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады. Тексеру материалдары ұсынылып, оған сәйкес даулы жер теліміне қатысты мәселені қарау барысында болуы мүмкін заң бұзушылықтар талқыланды. Әңгіме жер заңнамасының сақталуы, құжаттарды рәсімдеу және шешім қабылдау кезінде қызметтік өкілеттіктерді пайдалану мәселелері туралы болды.
СНХ: ГҮЛМИРА САҒАДИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалынан алынған мәліметтерге сәйкес, Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесіндегі тіркеу ісінің архивтік материалдары негізінде аталған жер учаскесі 1994 жылғы 1 қазандағы №1 Үлгі ауылдық әкімшілігінің шешімімен Копенованың атына тіркелгені анықталды. Кейін жер учаскесі 2024 жылғы 5 наурыздағы №191 мұрагерлік құқық туралы куәлік негізінде заң бойынша қайта рәсімделген. 2023 жылдың 13-ші қарашасында Біржан сал ауданының жер кадастрын тіркеу бөліміне сол мекенжайдағы жер учаскесіне жерге орналастыру жобасын әзірлеуге арыз-шағым түскен. Шағымда келтірілген уәждер бойынша сол жерге барып қызметтік тексеру жүргізілді. Оның барысында қажетті материалдар сұратылып, зерделенді.
РКС: Қаралған істер бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында қызметтік әдеп нормаларын бұдан былай да сақтау жөнінде ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері Егіндікөл және Ақкөл аудандары Әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметтік тәртіпті нығайту және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың алдын алуға қатысты есептерін тыңдады.
МӨЛДІР ЕЛЕМЕСОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕИТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ