ДИКТОР: Көкшетауда «Amanat» партиясы партиялық бақылау комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы Жол картасының орындалу барысы қаралды. Соңғы 3 жылда аймақта 4 ірі жоба іске қосылып, 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Орташа жалақы 380 мың теңгеге дейін өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4 жарым процентке төмендеді. Отырыс барысында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер айқындалды.
РКС: Өңірде туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Бурабай курортты аймағында инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа туристік нысандар бой көтеруде. Нәтижесінде аймаққа келетін туристер легі артып, келушілер саны шамамен 2 миллионға жетті.
СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 2023 жылдан бастап курортты аумақтарда ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 140 шақырымнан астам инженерлік желі жаңартылып, 120 шақырым автомобиль жолы салынды. Сондай-ақ, 1 визит-орталық бой көтеріп, 8 көрініс алаңы жабдықталды. 5 туристік бағыт ашылып, абаттандырылды. Демалушыларға арналған 10 шақырым веложол салынып, 45 пикник және барбекю аймақтары ұйымдастырылды. 80-нен астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылып, жағажайлар мен қайық станцияларының саны артты. Жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде Бурабай өңірі туристер үшін қолайлы әрі тартымды демалыс орнына айналып келеді.
РКС: Ауыл шаруашылығы саласында да облыс алдыңғы қатарда. Жалпы алғанда Ақмола облысы елде өндірілетін бидайдың төрттен бірін, құс етінің 30 және жұмыртқаның 15 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Жастарды қолдау бағытында да оң үдеріс байқалады. Соңғы 3 жылда 50 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды. Студенттер үшін 1200 орындық 4 жатақхана салынды. Отырыс барысында «Amanat» партиялық бақылау комитетінің мүшелері аймақтағы атқарылып жатқан істерге баға берді.
СНХ: САНИРА ЖҮСІПОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ МҮШЕСІ: Жалпы атағанда «Жол картасы» жобасын іске асыру динамикасы оң сипатта. 2023 жылы 13%, орындалмаған 15 тармақ, 2024 жылы 15%, 19 тармақ, 2025 жыл 10%, 14 тармақ. Біз 2024 жылы белгілі бір ауытқулардан кейін өңірдің деңгейі реттеліп, көрсеткіштері жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз.
РКС: Әлеуметтік инфрақұрылым да жүйелі дамып келеді. Жаңадан 19 мектеп бой көтеріп, 3 ауысымды оқыту мәселесі толық шешілген. Денсаулық сақтау саласында 40 жуық медициналық нысан пайдалануға берілді. Дегенмен, бірқатар мәселе бойынша әлі де толық шешімін таппаған түйткілдер бар.
СНХ: ПАВЕЛ КАЗАНЦЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Мысалы, Степногорск қаласындағы көпбейінді аурухана. Ескі нысандардың бірі. Қазіргі жағдайын жан-жақты қарап, талқыладық. Жыл соңына дейін бұл нысанды толық жөндеуден өткізіп, халыққа пайдалануға берілетін ірі әрі заманауи кешен ретінде тапсыру жоспарлануда, дегенмен кейбір мәселелер әлі де пысықталуда. Мәселе бар, бірақ көп емес. Сонымен қатар жүйелік сипаттағы жекелеген кемшіліктер де анықталуда. Жалпы алғанда, облыстық партиялық ұйымның жұмысынан жақсы әсер алдық. Соңғы 1 жылда өңірдің басым бөлігін араладық. Оң әсер қалдырған аймақтардың ішінде көш бастап тұрған осы Ақмола облысы деседе болады.
РКС: Партиялық бақылау комитеті алдағы кезеңде барлық жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл ретте әр бастаманың тек қағаз жүзінде емес, нақты нәтижеге бағытталуы ерекше атап өтілді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ