ДИКТОР: Теміржол бекеттерінің бойында қараусыз жүрген қара мал көп. Олар пойыздардың қозғалысына үлкен қауіп төндіріп отыр. Жыл басына бері Көкшетау темір жолының бойында 3 ірі қара мен жылқы пойыз астына түскен. Мамандар бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қандай әрекет жасау керек? Тілші баяндасын.

РКС: Ақмола магистральдік желі бөлімшесіне қарасты 2700 шақырымнан астамға созылған темір жол бойында шамамен 100-ден аса елдімекен орналасқан. Дәл осы аумақтарда ірі қара мен жылқылардың шойын жолға шығып кету ықтималдылығы жоғары. Мәселенің алдын алу мақсатында былтыр 220-ға жуық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, жиын өткізілген. Сондай-ақ, мал шаруашылығымен айналысатын 9 мыңнан астам азамат малдарды жайылымға шығару тәртібімен таныстырылды. Десе де, теміржол бекеттерінде бұл мәселе шешімін таппай тұр.

СНХ: ДАНИЯР ТАСЫМОВ, АҚМОЛА МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ ЖОЛ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕРІ: Былтыр шамамен 24 мәрте пойызды төтенше жағдайда тоқтату орын алды. Оның ішінде үй жануарларын басып кету деректері де кездесті. Жыл басталғалы Көкшетау-Астана, Көкшетау-Қызылту, Жаңаесіл-Пресногорьковское учаскілерінде дәл осындай 3 жағдай тіркелді. Оның салдары орасан екенін түсінген абзал. Ол ең алдымен локомотив депосына үлкен зардап әкеледі. Бұдан бөлек, төтенше жағдайда тежеудің салдарынан пойыздар ұзақ уақытқа кешігеді. Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бұзылып, азаматтардың шағымы көбейеді.

РКС: Жолаушы пойызы сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүйткиді. Төтенше тежегішті басқанның өзінде 700-800 метр қашықтықты еңсереді. Сондықтан соқтығысу ықтималдылығы да тым жоғары. Бүгінде қараусыз қалған малға қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

СНХ: ЖАНБОЛАТ ШӘКЕНОВ, КӨКШЕТАУ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Осындай фактілер анықталған жағдайда мал иелері немесе бақташыларға заңнамаға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 559 бабы, 1 бөлігінен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, поезд құрамына зақым келген жағдайда келтірілген материалдық шығынды өтеу міндеті мал иесіне жүктеледі. Бұл ең алдымен мал иесінің жауапсыздығының салдарынан болып табылады.

КЕСТЕ МӘТІНІ: Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабына сәйкес малды рельстен 300 метр қашықтықта тек байлап бағуға, ал 2 шақырым қашықтықта, бақташының немесе мал иесінің тұрақты қадағалауында бағуға рұқсат етіледі. Бекітілген заңның ережесі бұзылса, 5, ал жағдай қайталанса 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

ТЕМІРЖОЛ МАҢЫНДА МАЛ БАҒУ ЕРЕЖЕСІ

ҚАШЫҚТЫҚ ТАЛАП ЖАУАПКЕРШІЛІК

300 метр қашықтықта Мал байлаулы болуы тиіс Ереже бұзылса – 5 АЕК

2 шақырым қашықтықта Бақташының бақылауымен жайылуы тиіс Қайталанса – 10 АЕК

РКС: Өткен жылы Ақмола магистраль желісінің бойында орналасқан 550 шақырымға жуық қирап қалған қоршау сымдары қалпына келтіріліп, жаңадан 80 шақырымдай сым тартылды. Биыл да 50 шақырымнан астам темір жол желісінің бойы сыммен қоршалмақ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ