Негізгі Жаңалықтар Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Щучинскідегі жарылысқа қатысты қылмыстық іс қозғалды


ДИКТОР: Щучинск қаласындағы дәмханалардың бірінде болған жарылыстың салдарынан 7 адам қаза тапты. Қайғылы жағдай құрбандарының арасында бір кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Сондай-ақ 28 адам түрлі жарақат алып, 13-і ауруханаға жатқызылды.

РКС: Оқиға кеше кешкі сағат 10 шамасында 5 қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан дәмханалардың бірінде болған.

СНХ: ЕРЛАН ТӨРЕГЕЛДИЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ ӨРТКЕ ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшесі небәрі 5 минут ішінде жетті. Құтқарушылар келген сәтте дәмхана ғимараты толықтай ашық жалынға оранып, ішкі және сыртқы қабырғалары опырылғаны анықталды. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің нәтижесінде 10 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Сондай-ақ әрқайсысының көлемі 50 литр болатын 5 газ баллоны дер кезінде сыртқа шығарылды. Бұл нысанда қос жарылыстың болуының алдын алды.

СНХ: НАРИМАН СЫЗДЫҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Оқиға орнында 5 адам қаза тапты, тағы 2 адам жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір Бурабай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жағдайы ауыр және аса ауыр халде 4 науқас жатыр, 3 науқас травматология бөлімінде. 8 адам амбулаторлық ем қабылдауда. 6 науқас шұғыл түрде Көкшетау қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді.

РКС: Қазір зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Бурабай аудандық әкімдігі марқұмдардың отбасына 2 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек береді. Ал зардап шеккен азаматтарға 1 миллион теңгеден қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға байланысты барлық шығынды да өз мойнына алып отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел штаб құрылды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу