ДИКТОР: Соңғы екі жылда Қазақстанда жасымық өнімін өсіру деңгейі төрт есе артты. Жасымық экспорты бойынша еліміз әлемде 6-орында тұр. Осындай рекордтық көрсеткішке Ақмола облысының аграрийлері де елеулі үлес қосты. Қазір өңірде бірнеше жасымық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Олар дайын өнімді шетелге өткізумен айналысады.
РКС: «QazaQ food market» серіктестігі Көкшетау қаласында осы бастаманы сәтті жүзеге асырып келеді. Серіктестік жұмысын осыдан 10 жыл бұрын бастаған. Алғашқыда кәдімгі трейдинг арқылы шетелге шикізат сатып келді. Одан соң өндірістік кешен салды. Ол жерде дәнді-бұршақ дақылдарын терең өңдеу және майлы дақылдарды тазалау желілері жұмыс істеп тұр. Өндірісті кеңейтуге 1 миллиард теңгеден қаржы жұмсады. Заманауи жабдықтарды түрік өндірушілерінен сатып алған. Қазір сыртқы нарыққа дайын өнімді қосымша құн салығын қоса отырып жөнелтеді.
СНХ: ӘДІЛХАН НАУРЫЗБАЕВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ ҚЫЗМЕТ БАСТЫҒЫ: Егістіктен жиналған жасымық КАМАЗ жүк көліктерімен кәсіпорынға жеткізіледі. Шикізат өңделмеген күйінде қабылдау шұңқырына төгіледі. Сол жерден ол икзэль-машинасына өңдеуге жіберіледі. Икзэль-машина жасымықты алдымен ірі, кейін ұсақ тазалаудан өткізеді. Өндірісте қолданылатын SORTEX фотосепараторы жасанды интеллект технологиясы арқылы дәнді жоғары дәлдікпен сұрыптайды. Үшінші қабатта орналасқан фотосепаратор жасымықты толық тазалайды.
РКС: Өнімнің 98 проценті сыртқы нарыққа шығарылады. Экспорт бағыттары да ауқымды. Вагондар мен көліктер арқылы айына шамамен 3 мың тонна жасымық – Қытай, Түркия, Таяу Шығыс елдері мен Еуропа елдеріне жеткізіледі. Халықтың дұрыс тамақтану мен «органикалық» өнімдерге деген қызығушылығы артқандықтан, бұл дақыл түріне де сұраныс көбейіп келеді. Кәсіпорынның өндірістік-техникалық зертханасында өнім сапасы қатаң бақыланады.
СНХ: ИРИНА КАБДУЛИНА, ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Біз экспортқа жөнелтуге дайын өнімнің сапасын анықтаймыз. Жасымықтың иісін тексеріп, зақымданғандарын анықтаймыз, ылғалдылығын өлшейміз – бәрі нормаларға сай болуы тиіс. Сонымен қатар, бөтен қоспалардың жоқтығын тексереміз, олар өнім құрамында мүлде кездеспеуі керек. Барлық көрсеткішті қатаң бақылауда ұстаймыз, өнім нормадан аспауы тиіс. Дайын өнімді экспортқа жөнелтпес бұрын белгіленген уақыт аралығында сақтаймыз. Экспорттаушы-елге байланысты бұл мерзім 3-тен 6 айға дейін өзгеруі мүмкін. Мұның бәрі қандай да бір даулы жағдай туындаған кезде қажет. Сондықтан бізде міндетті түрде бақылау үлгілері сақталады.
РКС: Былтыр қазақстандық шаруалар бұршақ дақылдарынан 1 миллион тонна өнім жинап, рекорд жасады. Егістіктерді әртараптандыру және ел ішінде өңдеу көлемін арттыру өндірістің тиімділігін сақтап, Қазақстан экономикасын нығайтады. Ауыл шаруашылығы министрінің мәлімдеуінше, Қостанай және Ақмола облыстарындағы жасымықты өңдеу кәсіпорындарының жұмысы ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етіп, дайын өнімді экспорттауға мүмкіндік беруде.
СНХ: АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: Күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға жетіп, Қазақстан әлемдік май экспорты бойынша 8-орынға ие болды. Бұдан басқа жоғары сұранысқа ие – жасымықты айтқым келеді. Бұрын біз оны Түркияға шикізат ретінде экспорттап, қайта жарма түрінде жоғары бағаға сатып алатынбыз. Ал енді қазіргі уақытта дайын өнім экспортталуда. Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орында.
РКС: Кәсіпорын жасымықты тікелей фермерлерден сатып алады. Бұл жерде өңір мен көрші облыстың шаруалары шикізатты кепілдендірілген жағдайда сата алады. Яғни, егістік алқаптарды тәуекелсіз әртараптандырады. Осылайша, Мемлекет Басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты қойған міндеттерін сәтті жүзеге асырады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.