ДИКТОР: Атбасар ауданына қарасты 16 елді мекенге су басу қаупі төніп тұр. Көктемде қауіп негізінен Жабай өзені мен Жақсы ауданы жағынан келетін қарғын және дала суларынан келеді. Қазір жергілікті билік су тасқынының алдын алу шараларын күшейтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 195 миллион теңге бөлінген.
РКС: Ауданда су басу қаупінің алдын алу жұмыстары былтыр жазда басталған. Осы уақыт аралығында 8 шақырымнан астам арық тазартылып, 6 шақырым қорғаныс үйіндісі тұрғызылды. 2 шақырым бөгет нығайтылып, 22 су өткізу нысаны орнатылды. Садовое ауылының маңында қарғын суларды өткізу үшін Жыланды өзені бойымен қосымша су ағызу арнасы қазылды.
СНХ: БЕГАХМЕТ МАХМЕТОВ, АТБАСАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Атбасар ауданында су тасқыны кезеңі бес саты бойынша өтеді. Алдымен қала ішіндегі еріген қар сулары Сейфуллин, Романов және Даринов сайларына бағытталып, кейін Жабай өзеніне құяды. Екінші кезеңде Жақсы ауданы жағынан келетін дала сулары темір-бетон комбинаты аумағындағы сай арқылы Жабай арнасына жіберіледі. Үшінші кезеңде Жыланды өзені өткізіледі. Төртінші кезеңде Жабай өзені, ал бесінші кезеңде Есіл өзені арқылы су өткізу қамтамасыз етіледі.
РКС: Ал еріген қар суларының кедергісіз өтуі үшін 29 су айдынында мұзды жару және сең кептелістерінің алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 10 миллион теңге бөлінген.
СНХ: БЕГАХМЕТ МАХМЕТОВ, АТБАСАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Наурыз айының басында Есіл, Жабай, Жыланды, сондай-ақ Балдырған және Қашқарка өзендерінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары жүргізіледі. Кейін мұз жүру кезеңінде сең кептелістерін жою үшін қосымша жарылыс шаралары атқарылады. Бұл төтенше жағдайлардың алдын алуға және тасқын сулардың бақылаулы өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
РКС: Жалпы су тасқынына қарсы іс-шараларға 400-ден астам адам мен 125 арнайы техника жұмылдырылмақ. Ассенизатор көліктерінің иелерімен келісімшарттар жасалған. 10-шы наурыздан бастап су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ Жабай өзені арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстары жалғасуда. Қазір бұл жұмыстар 73 процентке орындалған.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБУЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ